Алтайда мас күйінде көлік айдаған ресейлік әйелдің кесірінен екі қазақстандық қаза тапты

Сурет: Алтай Республикасы ішкі істер министрлігі
Ресейдің Алтай Республикасындағы Улаган ауданында жүргізуші куәлігі жоқ әрі мас күйінде көлік басқарған жергілікті тұрғын ауыр жол апатын жасап, салдарынан екі Қазақстан азаматы қаза тапты. Тағы төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алтай Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 2026 жылғы 27 шілде күні сағат 20:30 шамасында Ақташ ауылы маңында болған.

Тергеу деректеріне қарағанда, Toyota Avensis көлігін басқарған 31 жастағы әйел қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Қазақстанның 40 жастағы азаматы айдап бара жатқан Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан.

Chevrolet көлігінің жүргізушісі мен оның 44 жастағы жолаушысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады. Екеуі де көз жұмды.

Апат салдарынан тағы төрт адам зардап шекті. Олардың арасында Toyota көлігінің 21 жастағы жолаушысы және Chevrolet көлігінің үш жолаушысы – 63 жастағы екі ер адам мен 13 жастағы қыз бала бар.

"Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығы Chevrolet көлігінде болған және Қазақстан азаматтары. Апатқа кінәлі болуы мүмкін әйел жеңіл жарақат алған, оны ауруханаға жатқызу қажет болмаған", – деп хабарлады Алтай Республикасы ІІМ баспасөз қызметі.

Тексеру барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы жоқ екені және рөлге мас күйінде отырғаны анықталды.

Қазір аталған жол апаты бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматыда самокаттарға қатысты рейдтер жалғасып жатыр

Қазақстандық музыкант Сеул сахнасын бағындырды

Президент: "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы – еліміздің жарқын болашағын құрудың маңызды тетігі

Қазақстанда салық нысандарының бірі жаңартылады

Оралды қалың қара түтін басып, аспаннан күл "жауды" - видео