Қазақстан жастарының азаматтық белсенділігі артып келеді: Аида Балаева мәлімдеме жасады

Фото: Zakon.kz
Бүгін, 2026 жылғы 12 тамызда Халықаралық жастар күні атап өтіледі. Осыған орай Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан жастарына үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тиісті жазба вице-премьердің Facebook-тегі парақшасында жарияланды.

"Қымбатты достар! Сіздерді Халықаралық жастар күнімен құттықтаймын! Жастар – Қазақстанның басты жасампаз күші. Бүгінде елімізде 5,8 миллионнан астам жас азамат тұрады. Бұл – халықтың үштен біріне жуығы. Мемлекеттің болашағын айқындау сіздерге жүктеледі. Адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде бекітілді", – деп жазды Аида Балаева.

Оның пікірінше, бұл жастар үшін маңызды белгі әрі қуатты ынталандыру болды. Сондай-ақ олардың өзін-өзі танытуына, кәсіби тұрғыдан өсуіне және Әділетті Қазақстанды құруға белсенді атсалысуына жаңа мүмкіндіктер ашты.

"Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттік жастар саясатына тың серпін берілді. Жастар санатына жататындардың жасы 35-ке дейін ұлғайтылып, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған азаматтардың саны едәуір артты. Бүгінде сапалы білім алуға, жұмысқа орналасуға, жеке кәсіп ашуға, баспана сатып алуға, волонтерлік пен азаматтық белсенділікті дамытуға нақты мүмкіндіктер жасалып жатыр", – деп атап өтті Аида Балаева.

Оның айтуынша, бұл шаралар қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр.

""Наурыз" және "Отау" жеңілдетілген несие беру бағдарламалары аясында 5,4 мыңнан астам жас қазақстандық мемлекеттік қолдауға ие болды. Өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының арқасында 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен маман баспаналы болды. Биыл "Жасыл ел" жобасы шеңберінде 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Жыл сайын дарынды жастар өз жобаларын жүзеге асыру үшін "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранттарына ие болады. Ал жаңа буынның үздік өкілдері "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанады", – деді Аида Балаева.

Ол жастарды елдің қоғамдық өміріне қатысуы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

"Мыңдаған жас қазақстандық волонтерлікпен айналысып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып, "Таза Қазақстан" жобаларына қатысып жүр. Осылайша олар қоғамның дамуына және жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға нақты үлес қосып келеді. Бүгінде Қазақстанда 400-ден астам жастар ұйымы мен 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Онда әрбір жастың өзін-өзі танытуына мүмкіндік жасалған", – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар вице-премьер Қазақстанның цифрлық трансформация, озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу жолында сенімді қадам басып келе жатқанын айтты.

"Осы өзгерістердің негізгі қозғаушы күшіне айналу, тың шешімдер әзірлеу, отандық ғылым мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және сол арқылы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті жас ұрпаққа жүктеледі", – деп атап өтті Аида Балаева.

Сондай-ақ ол Қазақстан үшін маңызды тарихи кезең – Құрылтай сайлауы туралы еске салды. Вице-премьер партиялық тізімдерде жас кандидаттардың көп болғаны ерекше қуантатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жастардың азаматтық белсенділігі артып, жауапкершілікті өз мойнына алуға және ел болашағын қалыптастыруға қатысуға дайын екенін көрсетеді.

"Жас достар! Сіздердің білімдеріңіз, күш-жігерлеріңіз, жауапкершіліктеріңіз және әлемді жақсы жаққа өзгертуге деген талпыныстарыңыз – біздің басты инвестициямыз. Біз сіздерді шын жүректен мақтан тұтамыз, қабілеттеріңізге, бастамашылдықтарыңызға және жасампаздыққа деген ұмтылыстарыңызға сенеміз. Алдарыңыздан әрдайым жаңа мүмкіндіктер ашылып, жетістіктеріңіз бүкіл Қазақстанның ортақ табысына айналсын. Мереке құтты болсын!" – деп түйіндеді Аида Балаева.

Бұған дейін, 2026 жылғы 22 шілдеде Аида Балаева қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісім білдірген еді. Қазақстандықтарға үндеу жасаған вице-премьер "адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі осы дүниеде ештеңемен өлшеуге келмейтін ең жоғары құндылық" екенін атап өтті.

Қазақстан
Балаева Аида
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Еңбек кодексі: тамыз айында не өзгереді және жұмыс берушілер нені білуі керек

Синоптиктер тамыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады

Жасанды интеллектке сенген қытайлық фермер 10 гектар жердегі егінін жойып алды

Басып озамын деп басына қауіп төндірді: Ақтөбеде 11 жүргізуші жауапқа тартылды

Магистратура грантына кімдер таласа алады