Мемлекет БАҚ пен блогерлердің аккаунттарын бұғаттауға мүдделі емес – Аида Балаева

Фото: primeminister.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аида Балаева 2026 жылғы 17 тамызда Facebook парақшасында атап өткендей, сайлауалды науқан кезінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты жеке түсіндіруді қажет ететін көптеген сұрақ туындайды.

"Ең алдымен, журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасының "Масс-медиа туралы" Заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы." Аида Балаева

Бұл ретте журналистер де, блогерлер де адамның келісімінсіз мынадай үш жағдайда түсірілім жүргізе алады:

"Сонымен қатар бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да жеке тоқталғым келеді. Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді. Бұл мәселе сайлау науқаны кезінде айрықша маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес." Аида Балаева

Аида балаеваның сөзінше, керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін.

"Сондай-ақ бұл Министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, соңғы уақытта осы тұрғыда алаңдататын жайттар байқалып отыр. Сондықтан масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде біз, ең алдымен, сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсетеміз. Бұл мәселелер Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан бүгінгі уақытта ерекше мәнге ие. Жаңа Конституция қабылданды, негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды, алда Құрылтайды қалыптастыру міндеті тұр. Елімізде жаңа саяси және қоғамдық мәдениеттің негізі қаланып жатыр. Оның өзегінде мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтармен қатар, әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілігі де тұруға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі. Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең." Аида Балаева

Осы ұстаным "Заң мен тәртіп" қағидатының мазмұнын айқындайды. Мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Ал сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап етеді. Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс. Қоғамдағы мәртебе де ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді.

"Бүгінде "Адал азамат" құндылықтарының маңызы артып келеді. Бұл өз құқығын ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы міндетін де түсінетін, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары әрі жасампаз азаматтың бейнесі. Жаңа саяси кезең бізден осындай азаматтық жауапкершілік пен кемелдікті талап етеді. Сонымен бірге журналистер мен блогерлер үшін аса маңызды тағы бір қағидатты ұмытпауымыз керек. Ол – таратылатын ақпараттың анықтығын міндетті түрде тексеру. Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырамын. Алайда заңға қайшы материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату аса маңызды. Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс." Аида Балаева

Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, олардың үйлесімі азаматтардың құқықтары сенімді қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын, ал қоғамдық диалог нақты дерекке, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін кемел қоғам қалыптастырады.

Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырамын, – деп жазды Аида Балаева.

Қазақстан
Балаева Аида
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматы, Астана, Шымкент: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

Еңбек кодексі: тамыз айында не өзгереді және жұмыс берушілер нені білуі керек

Электросамокат жүргізушілеріне қойылатын жаңа талаптар: қазақстандықтар нені білуі керек

Үкімет Еңбек министрлігіне жаңа міндеттер жүктеді

Канье Уэстің досы Алматыдағы кештен кейін әсерімен бөлісті