Гүлден Хасенованың айтуынша, өз бетінше салық салынатын табыс алған азаматтар декларацияны 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыруға тиіс.
"Егер азамат 2025 жылы автокөлікті 10 млн теңгеге сатып алып, бір жылдың ішінде 15 млн теңгеге сатса, құн өсімінен табыс табады. Бұл – өз бетінше салық салынатын табыс. Мұндай талап тек жылжымайтын мүлік пен көлікке ғана емес, бағалы қағаздар мен басқа да активтерге қатысты. Егер өз бетінше салық салынатын табыс алсаңыз, 270.00 нысанындағы декларацияны тапсыруға міндеттісіз", – деді ол.
Сондай-ақ 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шетелде активтері бар азаматтар да декларация тапсырады. Мысалы, басқа елде пәтері немесе шетелдік банкте ақшасы бар тұлғалар.
"Қымбат мүлікті сатып алу және иеліктен шығару да декларацияда көрсетіледі. Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар мүліктің қандай сомаға сатып алынғанына қарамастан, бұл мәліметті декларацияда көрсетуге міндетті. Сондай-ақ олар шығындарды өтеу көзін, яғни мүлікті сатып алуға жұмсалған ақшаны қайдан алғанын жазуы керек.
Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар санатына жатпайтын жеке тұлғалар сатып алу сомасы 20 мың АЕК-тен асқан жағдайда шығындарды өтеу көзін көрсетуге тиіс. Яғни қарапайым қазақстандық 80 млн теңгеге пәтер сатып алса, бұл ақшаны қайдан алғанын жазуы қажет. Сыйға берілген пәтер де мүлікті сатып алу ретінде көрсетіледі. Бұл ретте шығындарды өтеу көзі ретінде сыйға тартқан адамның ЖСН-і, аты-жөні және мүліктің құны жазылады", – деп түсіндірді спикер.
Гүлден Хасенова декларацияны уақытында тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Бұған дейін 2027 жылдан бастап Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілер жеке мүдделері туралы декларация толтыратыны хабарланған еді.