Қашықтан жұмыс, жолдағы шектеулер, метро мен автобус санының артуы: 1 қыркүйектен бастап Алматыда не өзгереді

Фото: Zakon.kz
Алматыда жаңа оқу жылының басталуына байланысты жол қозғалысына түсетін жүктеме дәстүрлі түрде артады. Осыған орай қала әкімдігі бірқатар шара қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әкімдік баспасөз қызметінің 2026 жылғы 31 тамыздағы мәліметінше, қыркүйектің алғашқы күндерінде қоғамдық көліктің жұмысы күшейтіліп, мектеп автобустары іске қосылады. Сондай-ақ жол қозғалысын реттеу бойынша қосымша шаралар қабылданады.

Автобус пен метро саны артады

Қыркүйектің алғашқы екі аптасында қалалық бағыттарға қосымша 500-ге жуық резервтік автобус шығарылады. Олар жолаушылар көп жүретін бағыттарға бөлініп, қарбалас уақытта қоғамдық көліктің жүру аралығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Метро желісіндегі пойыздар саны 11-ден 13-ке дейін көбейеді. Таңғы уақытта пойыздардың жүру аралығы үш минутқа дейін қысқарады.

13 мыңнан астам оқушы тасымалданады

Қаладағы 60 мектепке 300 мектеп автобусы қызмет көрсетеді. Олар 13 мыңнан астам баланы тасымалдайды.

Тұрғындарға жеке көліктерімен мектептің кіреберісіне дейін бармай, балаларды қауіпсіз жерден түсіру ұсынылды. Сондай-ақ жолға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану қажет.

Мектептер маңындағы қауіпсіздік күшейтіледі

1 қыркүйек күні таңертең мектептер, жаяу жүргіншілер өткелдері және көлік қозғалысы көп учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік атқарады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің маңындағы жолдар тексеріліп, 140-тан астам кемшілік жойылған. Бағдаршамдардың, жол белгілері мен таңбалардың жағдайына ерекше назар аударылды. Білім беру мекемелерінің аумағы тәулік бойы бейнебақылауда болады.

Жүк көліктеріне бақылау күшейтіледі

Қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіледі. Салмағы сегіз тоннадан асатын көліктерге белгіленген жол учаскелерінде сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруге қойылған шектеу сақталады.

Қашықтан жұмыс істеу ұсынылды

1-5 қыркүйек аралығында әкімдіктің бірқатар қызметкері қашықтан жұмыс істеу форматына көшіріледі.

Ірі компаниялар мен ұйымдарға да қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру немесе жұмыс күнін икемді кесте бойынша бастау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

"Бағыттарыңызды алдын ала жоспарлап, қарбалас уақытта мүмкіндігінше қоғамдық көлік пен метроны пайдаланыңыздар", – деп үндеу жасады әкімдік өкілдері.

Бұған дейін Алматы полициясы жаңа оқу жылының алғашқы күніне арналған іс-шаралар жоспарын таныстырған еді. 1 қыркүйекте жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 700 полиция қызметкері және 130 патрульдік экипаж жұмылдырылады. Білім күні қалалық Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшеді.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

29 тамыз - Семей ядролық полигонының жабылған күні: жүргізілген сынақтардың зардабын кімдер тартуда

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді

Мемлекет басшысы зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды

Адам өлімімен аяқталған жол апаты: Астанада велосипед мінген әйел "Газель" дөңгелегінің астында қаза тапты