31 тамыз күні таңертең Мемлекет басшысы Құрылтайдағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізді.
Фракция басшыларына сөз арнаған Президент Қазақстанның жаңа Конституциясының 46-бабына сәйкес, Олжас Бектеновтің премьер-министр лауазымына кандидатурасы бойынша олармен консультация өткізуі қажет екенін айтты.
Талқылауға "Әділет" партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Қайрат Айтуғанов, Respublica партиясынан Айдарбек Қожаназаров, "Ақ жол" демократиялық партиясынан Дания Еспаева және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Асхат Рахимжанов қатысты.
Олжас Абайұлы Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын "Заңгер" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласының Әділет басқармасында бөлімнің бас маманы болып бастады.
2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің Заң бөлімінде сарапшы және бас сарапшы, ал 2006-2009 жылдары Президент әкімшілігінде қызмет атқарды.
2009-2012 жылдары Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары болды. 2012-2014 жылдары Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің орталық аппаратындағы департаментті басқарды.
2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы және Президент әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаментін басқарды. 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды.
2018-2019 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2022 жылғы ақпаннан 2023 жылғы сәуірге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды. 2023 жылғы 3 сәуірде Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.
2024 жылғы 6 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметін атқарып келеді.
Олжас Бектенов II дәрежелі "Айбын" және II дәрежелі "Даңқ" ордендерімен марапатталған.