Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқанын нақтылады. Мұнда қоқиқаздар мен құстардың басқа да көптеген түрі мекендейді.
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген Қазақстандағы бірегей табиғи резерват. Бұл жерде қызғылт қоқиқаздардың әлемдегі ең солтүстік ұя салатын колониясы орналасқан. Жыл сайын көктемде мыңдаған қоқиқаз ұрпақ өрбіту үшін қорықтағы көлдерге ұшып келеді.
Мамандар табиғат қорғау мақсатында су жіберу жұмыстары Қазақстан бойынша жыл сайын жүргізілетінін атап өтті. Су нысандарының жағдайын тұрақты ұстап, табиғи экожүйелерді сақтау үшін оларға миллиардтаған текше метр су бағытталады.
Сонымен қатар 2025 жылы қабылданған жаңа Су кодексінде "экологиялық ағын" ұғымы алғаш рет бекітілді. Бұл – өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйесін сақтау үшін қажетті судың ең төменгі көлемі. Сондай-ақ шағын өзендер мен көлдерді, сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғауға қойылатын талаптар күшейтілді.
Бұған дейін Катонқарағай ұлттық паркінің әкімшілігі Қазақстанда мекендейтін ерекше жыртқыш құс – сақалтай туралы мәлімет берген еді.