БАҚ өкілдері бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ның алынып тасталуы, жасанды интеллектіні енгізу және оқыту тәсілдеріндегі басқа да өзгерістер оқушылардың ынтасын төмендетпей ме деп сұрады. Сондай-ақ министрден бұл өзгерістер қалай теңгерілетіні және жақын арада оқушыларды тағы қандай жаңашылдықтар күтіп тұрғаны сұралды.
Министрдің айтуынша, енгізілген өзгерістер оқушыларға жасалған жеңілдік емес. Ведомство мамандары бастауыш сынып бағдарламаларының мазмұнын зерделеп, кейбір оқу мақсаттарының балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтінін анықтаған. Мәселен, математика пәніндегі 51 оқу мақсатының тек 16-сы ғана бастауыш сынып оқушыларының жасына сай болған. Осындай талдау өзге пәндер бойынша да жүргізілген.
"Мұнда ешқандай жеңілдік жоқ. Қазір біз формативті бағалаудың рөлін арттырдық. Бала күн сайын сабақта жауап береді және бұл оның бағасына нақты әсер етеді. Екіншіден, біз ТЖБ-ны алып тастадық. Неліктен? Өйткені бұған дейін тоқсандық және жылдық баға қою кезінде қорытынды бағалау нәтижесі 50%-ды құрайтынын анықтадық", – деді ол.
Министрдің сөзінше, енді бағаның 50%-ы күнделікті формативті бағалау нәтижесі бойынша қалыптасады. Аралық бағалау кезінде диктант, мазмұндама және шығарма жазу да қарастырылған.
"Бұдан бөлек, бақылау және жобалық жұмыстар бар. Бұл – талапты жеңілдету емес. Әр сынып пен әр балаға оның жас ерекшелігіне сәйкес тапсырмалар топтамасы беріледі. Оқушы сол тапсырмаларды орындауға тиіс", – деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің жоғары сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастауды жоспарлап отырғаны хабарланған еді.