Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, кездесу барысында Мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу мен дамытудың 2026 жылғы сегіз айдағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есепті тыңдады.
Мәдина Әбілқасымова банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толығымен жаңартылғанын баяндады. Оның айтуынша, осы бағытта 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданған.
Есепті кезеңде банктердің активтері 6,9%-ға ұлғайып, 75,6 трлн теңгеге жетті. Ал банк капиталының жеткіліктілік деңгейі 20,7%-ды құрады.
Агенттік қадағалау қызметі аясында сегіз айда қаржы секторының субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша 190 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 465 млн теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар микроқаржыландыру ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер нарығында жұмыс істейтін 13 субъект лицензиясынан айырылды. Тағы алты субъектінің лицензиясы уақытша тоқтатылып, төрт коллекторлық агенттік тиісті тізілімнен шығарылды.
Агенттік төрағасы халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыру көлемін кеңейту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы да мәлімет берді.
Бизнеске берілген кредиттер көлемі 3,5%-ға ұлғайып, 16 трлн теңгеге жетті. Ал кәсіпкерлерге жаңадан берілген кредиттер жыл басынан бері 19,1%-ға өсіп, 12,5 трлн теңгені құрады.
Қабылданған реттеу шараларының нәтижесінде биылғы жеті айда тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны 4,6%-ға дейін баяулады.
2026 жылғы шілдеден бастап мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттеуге арналған Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарайтын Бірыңғай қаржы омбудсменінің кеңсесі жұмысын бастайды.
Мәдина Әбілқасымова Президентке Капитал нарығы мен сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу барысы туралы есеп берді.
Сондай-ақ "Капитал нарығы туралы" және "Сақтандыру нарығы туралы" жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмалары қалай орындалып жатқаны жөнінде баяндады.
Кездесуде қаржы секторын цифрландыру және оған жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесі де қарастырылды.
Агенттік жасанды интеллект технологияларына негізделген FinAI бірыңғай қадағалау платформасын құрған. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы әзірленеді. Құжатта ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қарастырылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану және экономиканың нақты секторларын кредиттеу көлемін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Сонымен қатар Президент капитал мен сақтандыру нарықтарын одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.