Бұл туралы Ақорданың telegram-каналында жарияланды.
Президенттің сөзінше, Халық Кеңесі Құрылтайға балама институт емес.
"Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі институттың алдында тұрған негізгі мақсат ортақ екенін атап өтті.
"Екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет", – деді Президент.
Тоқаев заң жобаларын әзірлеу кезінде қоғамның пікірін, талап-тілегін толық ескеру маңызды екенін айтты.
"Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады", – деді ол.
Президенттің айтуынша, Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген.
"Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Жаңа Конституцияның қабылдануы – әлем тарихында өте сирек кездесетін жағдай екенін айтқан болатын.