Ведомствоның 2026 жылғы 28 қыркүйектегі мәліметінше, Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында жеке құрамның бір бөлігі жағада болып, оқу-жаттығу жоспарында көзделген тапсырмаларды орындаған.
Сөз болып отырған мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағада оқу-жаттығу тапсырмаларын орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.
"Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімде және күн тәртібіне сәйкес қызметін атқарып жүр", – деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұдан кейін министрлік азаматтарға үндеу жасады.
"Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратпауға, Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламаларына сүйенуге шақырамыз", – делінген ведомство хабарламасында.
2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілерді Каспий теңізіне ағызып әкетті. Олар жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқан кезде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.
Алғашында теңізге 19 әскери қызметшіні ағызып әкеткені хабарланды. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі бұл деректі нақтылап, олардың саны 17 адам екенін мәлімдеді.
Үш адамды құтқару мүмкін болды, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды: 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу". Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табу себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті аза тұту күні деп жариялады.
Маңғыстауда әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталды.
26 қыркүйекте Президент "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіндегі істің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия туралы" өкімге қол қойды.
27 қыркүйекте Қазақстанда жаңа қорғаныс министрі тағайындалды. Бұл қызметке Айдос Мырзахметов келді.