Іс-шараның онлайн көрсетілімі сейсенбі, 13 қазан күні сағат 10:00-де басталады.
Форумды Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мен Zakon.kz интернет- басылымы Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырады.
Қатысушыларға цифрлық алаяқтықтың заманауи схемалары қалай жұмыс істейтіні көрсетіледі. Сарапшылар нақты мысалдар арқылы жалған контентті ажырату жолдарын түсіндіреді.
Бағдарламада аудиториямен ашық диалог та қарастырылған. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, мамандардан жан-жақты жауап ала алады.
Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік саласындағы білімді тексеруге арналған тақырыптық зияткерлік сайыс өтеді.
Жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған жалған суреттерге, бейнежазбалар мен аудиожазбаларға — дипфейктерге ерекше назар аударылады. Алаяқтар азаматтарды алдау үшін пайдалануы мүмкін құралдар туралы да айтылады.
Форумда талқыланатын тағы бір тақырып — дропперлік. Бұл банк шоттары мен карталарын заңсыз қаржылық операциялар жүргізу үшін пайдаланумен байланысты.
Форумда кімдер сөз сөйлейді
Сурет: Zakon.kz
Форумда ММА бойынша әлем чемпионы Василий Тахтай, SitizenSec қаржылық қауіпсіздік сарапшысы Гүлдана Жұматай және Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің офицері Гүлзия Қарсыбай сөз сөйлейді.
Форумды блогер әрі киберспорттық іс-шаралардың жүргізушісі Айгерім Дунамис пен ҚМА-ның ресми өкілі Ернар Тайжан жүргізеді.
Шақырылған қонақтар қатарында журналист Динара Сәтжан, миллионнан астам оқырманы бар блогер Нұргелді Кердеш, әнші Дастан Оразбеков, танымал қазақстандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, актриса әрі тележүргізуші Татьяна Турлай, блогер Хаким Мукарам және басқа да танымал тұлғалар бар.
"Форум жастармен цифрлық қауіп-қатерлер туралы ашық әңгімелесуге мүмкіндік береді. Қатысушылар кең тараған алдау схемалары туралы біліп қана қоймай, қауіп-қатерді ажырату дағдыларын интерактивті форматта тексере алады", – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
"ҚМА-дан цифрлық қауіпсіздік сабақтары" форумының онлайн көрсетілімін 13 қазан күні сағат 10:00-де көріңіздер.
Бұған дейін ҚМА 2025 жылы "Заң және тәртіп" нарративі аясында атқарған жұмысының қорытындысын шығарғаны белгілі болды.