Министрліктің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта 3,6 млн бала профилактикалық медициналық тексеруден өткен.
"302 мың баладан түрлі аурулар анықталып, 119 мыңнан астамы динамикалық бақылауға алынды. Ең жиі кездесетін мәселелердің қатарында тісжегі, анемия және көру қабілетінің бұзылуы бар. Профилактикалық тексерулер кезінде мектеп жасындағы балалардан тісжегінің 80 169 жағдайы анықталды", – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік тісжегінің дамуына әсер ететін негізгі тағамдық факторлардың бірі еркін қанттарды жиі тұтыну екенін атап өтті.
"Сондықтан аурудың алдын алу тек тіс дәрігеріне барумен шектелмейді. Ол күнделікті әдеттерден басталады: ауыз қуысының тазалығын тұрақты сақтау, тәтті сусындар мен құрамында қанты көп тағамдарды аз тұтыну, таза ауызсудың қолжетімді болуы және уақтылы медициналық көмек алу", – делінген хабарламада.
Ведомство 2025 жылдан бастап білім беру ұйымдарында мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілгенін еске салды. Ол балалардың тамақтану рационындағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды көздейді.
"Болашаққа сау тіспен" жобасы аясында екі жыл ішінде 166 профилактикалық стоматологиялық кабинет ашылған. Олардың жұмысы оқушылардың ауыз қуысына күтім жасау дағдыларын қалыптастыруға және тіс ауруларының алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар профилактикалық тексерулер жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары енгізіліп жатыр.
"2027 жылдан бастап ата-аналарға балалардың алдағы медициналық тексерулері туралы SMS-хабарлама жіберу жоспарланып отыр. Бұл отбасыларға алдын ала ескерту алып, қажетті тексерулерден уақтылы өтуге мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
2026 жылғы 9 қазанда Қазақстанда ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі төмендегенімен, тұмаудың алғашқы жағдайлары тіркелгені белгілі болды. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады.