БАҚ өкілдері үкімет мүшелерінен өздерінің әл-ауқаты бойынша А немесе Б санатының қайсысына жататынын тексеріп көрген-көрмегенін сұрады.
"Шынымды айтсам, тексерген жоқпын. Меніңше, Еңбек министрлігі калькуляторды әлі орналастырмаған", – деп жауап берді премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Журналистер әлеуметтік желілерде тараған, азаматтарды санаттарға бөлетін кестелердегі мәліметтердің өзектілігін де нақтылады. Депутат Ольга Перепечина бұл кестелердегі ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін түсіндірді.
Мәди Такиев Еңбек министрлігінің сайтында әркім өз санатын анықтай алатын арнайы калькулятор пайда болатынын айтты.
Өздерінің қай санатқа жататынын тексеруге ниетті ме деген сұраққа Мәди Такиев: "Әрине, міндетті түрде тексереміз", – деп жауап берді. Ал Серік Жұманғарин: "Тексереміз. Неге тексермеске?" – деп қосты.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқат деңгейін анықтау және мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау кезінде қандай деректер ескерілетінін айтқан еді.