Оның айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде қолданыстағы бақылау моделінің тиімділігін, соның ішінде заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтау мүмкіндігін талдап жатыр.
"Алынған нәтижелер, сондай-ақ депутаттық сауалда көрсетілген нақты сандар мен көрсеткіштер Құрылтайға қосымша жолданады. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін елеулі ақаулардың анықталуына келсек, құрылыс сапасы тапсырыс берушінің, мердігердің, техникалық және авторлық қадағалау мамандарының, сондай-ақ мемлекеттік бақылау органдарының бірлескен жұмысы арқылы қамтамасыз етіледі", – делінген жауапта.
Бозымбаевтың мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының түрлі кезеңінде жоспарлы бақылау шараларын жүргізу көзделген. Олар заңнама талаптарының сақталуын және орындалып жатқан жұмыстардың бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкестігін тексеруге бағытталған.
Қорытынды кезеңде нысанды пайдалануға қабылдаудың белгіленген тәртібінің сақталуы бақыланады. Ал қабылдау рәсіміне сәулет-құрылыс бақылауы және өрт қауіпсіздігі органдары қатысады.
"Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда құрылысқа қатысатын кінәлі тұлғаларға, соның ішінде техникалық және авторлық қадағалау мамандарына заңнамада көзделген шаралар қолданылады", – деп қосты вице-премьер.
Бұған дейін Астана мен Алматыдағы нысандардың құрылысы кезінде 1,5 мыңға жуық заң бұзушылық анықталғанын жазған едік.