+23°C-тан алғашқы боранға дейін: Қазақстанда 2026 жылғы қарашада ауа райы қандай болады

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
"Қазгидромет" РМК синоптиктері күздің соңғы айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды. Мамандардың мәліметінше, 2026 жылғы қарашада еліміздің бүкіл аумағында ауаның орташа айлық температурасы нормадан 2°С жоғары болады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алдымен мамандар қараша айының климаттық ерекшеліктеріне қысқаша тоқталды. Қазаннан қарашаға қарай ауа температурасы айтарлықтай төмендейді.

Ел аумағының басым бөлігінде күн 7–10°С-қа, ал қиыр солтүстік-шығысында 12–14°С-қа суытады.

Ауа температурасының абсолюттік минимумы республиканың солтүстігінде, орталығында, шығысы мен оңтүстік-шығысында –38…–49°С-қа, қиыр шығысында –50°С-қа дейін, батысы мен оңтүстігінде –29…–39°С-қа дейін жетуі мүмкін.

Ал ауа температурасының абсолюттік максимумы солтүстік және шығыс облыстарда +14…+24°С-қа, оңтүстік-шығыста +26…+29°С-қа, оңтүстікте +28…+32°С-қа дейін жетуі мүмкін.

2026 жылғы қарашаға қатысты синоптиктер мынадай болжам жасады:

"Қарашада республиканың бүкіл аумағында ауаның орташа айлық температурасы нормадан 2°С жоғары болады деп күтіледі", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.

Қарашада жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде норма шамасында болады деп болжанып отыр. Ал мына өңірлерде нормадан көп болуы мүмкін:

"Республиканың басым бөлігінде және елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда ауаның орташа айлық температурасы 0…–5°С, ал оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігінде +1…+9°С болады деп күтіледі", – делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ еліміздің ең ірі үш қаласында қараша айында ауа райы қандай болатыны белгілі болды.

Астана

Ауаның орташа айлық температурасы –3,6°С болады деп күтіледі. Бұл нормадан 1,6°С жоғары (норма: –5,2°С).

Айдың бірінші онкүндігінің басында күн жылынып, күндіз ауа температурасы +7…+12°С-қа дейін көтеріледі. Кейін түнде –4…–9°С-қа, күндіз –5°С-қа дейін суытады. Алайда онкүндіктің соңына қарай қайтадан күн жылынады.

Екінші онкүндікте ауа температурасы құбылып тұрады: түнде –5°С-тан –7…–12°С-қа дейін, күндіз +5°С-тан –6°С-қа дейін өзгереді.

Үшінші онкүндікте де температураның ауытқуы күтіледі. Айдың соңына қарай түнде –10…–15°С-қа, күндіз –3…–8°С-қа дейін суытады.

Айлық жауын-шашын мөлшері норма шегінде, шамамен 29 мм болады деп болжанып отыр. Айдың басында жаңбыр мен жылбысқы қар жауады. Бірінші онкүндіктің ортасы мен соңында, сондай-ақ екінші және үшінші онкүндіктердің басында қар жауып, боран соғуы мүмкін.

Алматы

Ауаның орташа айлық температурасы +5,4°С болады деп күтіледі. Бұл нормадан 2,5°С жоғары. Жауын-шашын мөлшері де нормадан асып, 55 мм-ден көп болады деп болжанып отыр.

Бірінші онкүндіктің басында күндіз +18…+23°С-қа дейін жылынып, кейін ауа температурасы +2…+7°С-қа дейін төмендейді. Екінші онкүндікте түнде –3…–8°С-қа, күндіз –3…+2°С-қа дейін суытады. Одан кейін қайтадан +11…+16°С-қа дейін жылынады.

Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы күндіз +5°С-қа, түнде –3…–8°С-қа дейін төмендейді. Айдың соңына қарай күндіз +10…+15°С-қа дейін жылынады деп күтіледі.

Ай бойы жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болып, тұман түседі деп болжанып отыр. Кей кездері желдің жылдамдығы секундына 15 метрге дейін күшейеді. Әсіресе екінші онкүндікте қатты жел соғуы мүмкін.

Шымкент

Ауаның орташа айлық температурасы +8,7°С болады деп күтіледі. Бұл нормадан 2,6°С жоғары. Жауын-шашын мөлшері норма шегінде, шамамен 74 мм болады деп болжанып отыр.

Бірінші онкүндіктің басында күндіз +17…+22°С-қа дейін жылынып, кейін ауа температурасы +5…+10°С-қа дейін төмендейді. Екінші онкүндікте температура құбылып тұрады: түнде –5°С-тан +3…+8°С-қа дейін, күндіз +5…+10°С-тан +12…+17°С-қа дейін өзгереді.

Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде –3…+2°С-қа, күндіз +5…+10°С-қа дейін төмендейді. Кейін +15…+20°С-қа дейін жылынады. Алайда айдың соңына қарай күндіз қайтадан +5…+10°С-қа дейін салқындайды.

"Ай бойы жаңбыр, кей жерлерде жылбысқы қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болады деп күтіледі. Желдің жылдамдығы кей кездері секундына 15 метрге дейін күшейеді", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.

Бұған дейін синоптиктер Астана, Алматы және Шымкент тұрғындарын 16–17 қазанға арналған ауа райы болжамымен қуантқан еді.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Қар жауып, көктайғақ болады". Еліміз бойынша 16 қазанға арналған ауа райы болжамы

Тоқаев Биоалуантүрлілік мәселелері бойынша көшбасшылар саммитінің ашылуына қатысты

"Көктайғақ болып, үсік жүреді". Еліміздің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Астанада оншақты JAC көлігін сатқан автосалон менеджері түскен ақшаны кассаға өткізбей, өз пайдасына жаратқан

Қазақстандықтар ескі көлігін кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа автокөлікке жеңілдік ала алады