Ол заманауи цифрлық шешімдер осы саладағы тиімділікті арттырудың маңызды факторы екенін атап өтті.
"Саланың ашықтығы Бірыңғай құрылыс порталы арқылы қамтамасыз етіледі. Портал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап "бір терезе" қағидатымен жұмыс істейді және нысанның бүкіл өмірлік циклін бірыңғай бірегей нөмір арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Бұл рұқсат құжаттарын рәсімдеуден, жобалау мен сараптамадан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін нысанды пайдалануға беру актісіне қол қою процесін цифрландыру жоспарланып отыр", – делінген вице-премьердің жауабында.
Оның айтуынша, бұл бақылау нәтижелері, анықталған бұзушылықтар және олардың жойылуы туралы деректерді қалыптастырып, пайдалануға мүмкіндік береді. Соның ішінде ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнама аясында азаматтарға тиісті мәліметтер ұсынуға жол ашады.
"Жалпы, құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының тиімділігі, азаматтардың құқықтарының сақталуы және құрылыс процесіне қатысушылардың жауапкершілігі мәселелері үкіметтің тұрақты бақылауында", – деп сендірді Бозымбаев.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс нысандарын тексеру нәтижелерін Құрылтайға жолдайтыны туралы жазған едік.