19 қазаннан бастап қазақстандықтарға скринингтен өту туралы SMS жіберіледі

Фото: pexels
Қазақстанда 2026 жылғы 19 қазаннан бастап скринингтер туралы SMS арқылы хабарлаудың пилоттық жобасы іске қосылады. Ал 26 қазаннан бастап жасалған екпелер туралы хабарламалар жіберу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

19 қазаннан бастап Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы азаматтарға скринингтен өту қажеттігі туралы жеке SMS-ескертулер жіберу жоспарланған.

Жүйе алты бағыт бойынша профилактикалық тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Бұл бағыттар жүрек-қан тамырлары және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қан айналымының бұзылыстарын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауды қамтиды.

Хабарлама алған азамат тексеруден өту үшін өзі тіркелген емханаға жүгіне алады.

Сонымен қатар биылғы 26 қазаннан бастап ел бойынша жасалған екпелер туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Екпе туралы мәлімет медициналық жүйеге тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне екпенің түрі мен салынған күні көрсетілген хабарлама келеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберіп, бұл туралы хабарлай алады. Ақпарат тексеру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады.

Сонымен қатар министрлік медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растауға мүмкіндік беретін пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жүйесін кеңейтіп жатыр.

7 қазандағы жағдай бойынша тіркелген 135,9 млн қабылдаудың 73%-ы цифрлық сәйкестендіру арқылы расталған.

Қазір бұл тетік медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды. Биылғы 1 желтоқсаннан бастап тізбеге консультациялардың, диагностикалық зерттеулер мен медициналық рәсімдердің тағы 736 түрін қосу жоспарланған.

Министрлік цифрлық сервистерді енгізу профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға, медициналық деректердің дұрыстығын және денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Қар жауып, көктайғақ болады". Еліміз бойынша 16 қазанға арналған ауа райы болжамы

Тоқаев Биоалуантүрлілік мәселелері бойынша көшбасшылар саммитінің ашылуына қатысты

Қазақстанда 2027 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлемді арттыру жоспарланып отыр

Астанада оншақты JAC көлігін сатқан автосалон менеджері түскен ақшаны кассаға өткізбей, өз пайдасына жаратқан

"Көктайғақ болып, үсік жүреді". Еліміздің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды