Атап айтқанда, мұнай битумын Қазақстан аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетуге қойылған тыйымнан алып тастау ұсынылып отыр. Оның ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасындағы коды – 2713 20 000 0.
Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, жол битумына сұраныс маусымға қарай өзгеріп отырады. Сондай-ақ отандық кәсіпорындарда пайдаланылмай тұрған өндірістік қуат бар және мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажет. Осы жағдайларды ескере отырып әзірленген бұйрық жобасы қабылданса, маусымаралық кезеңде жол битумының артық көлемін ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерлерге экспорттауға мүмкіндік беріледі.
Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 4 қарашаға дейін жалғасады.
Бұған дейін 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін Қазақстан аумағынан, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, оның ішінде мұнай битумын автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынғаны хабарланған болатын.