Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы мемлекеттік қаражат пен активтердің тиімді пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізуді аяқтаған.
Смайыловтың сөзінше, қазіргі уақытта ғылымды дамыту Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі саналады.
"Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл салаға технологиялық егемендік пен республиканың бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы ғылымның маңыздылығы Конституция деңгейінде бекітілді: адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. 2022-2025 жылдары ғылым саласын қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін едәуір өсті. Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары басталды. Жас ғалымдарды қолдау шаралары қабылданды", – деді Смайылов.
Сонымен қатар оның айтуынша, аудит нәтижелері ғылым саласында әлі де бірқатар жүйелі мәселе мен кемшілік бар екенін көрсеткен.
Атап айтқанда, ғылымның ұлттық экономикадағы үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Ол жалпы ішкі өнімнің 0,16%-ын құрайды, ал нысаналы көрсеткіш – 1%. Бұл ретте саланы қаржыландырудың өсуі негізінен мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қаржыландырудың үлесі 55%-дан 82%-ға дейін артқан. Бұл бизнес тарапынан ғылыми әзірлемелерге сұраныстың төмен екенін және оның зерттеулерді қаржыландыруға шектеулі қатысатынын көрсетеді.
Аудиторлар ғылым саласын басқарудағы жүйесіздікке де назар аударған. 2021-2025 жылдары төрт тақырыптық бағдарламалық құжат қолданыста болған, оның үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Сонымен қатар олардың жекелеген нысаналы көрсеткіштері төмендетілген. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындар бойынша көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 2%-ынан 0,5%-ына дейін, зерттеушілер санын арттыру межесі 50%-дан 7%-ға дейін, ал жеке сектордың қоса қаржыландыру үлесі 50%-дан 32%-ға дейін қысқарған.
Ғылыми тапсырыстарды қалыптастыру тәсілі де күмән тудырған. 2025-2027 жылдарға арналған жеті басым бағыт пен 153 мамандандырылған бағыт бекітілген. Алайда мұндай ауқымды тізім жағдайында кез келген зерттеуді басым бағытқа жатқызуға болады.
"Бұл ретте ғылыми-техникалық тапсырмалар көбіне жалпы сипатта қалыптасады. Яғни нақты нәтиже, оны тексеру критерийлері мен енгізу тетіктері көрсетілмейді. Олардың едәуір бөлігі салалық сұраныспен қамтамасыз етілмеген. 2023-2025 жылдары берілген 393 тапсырманың 149-ы 67 млрд теңге сомасына орындалмаған. Аудиторлар ғылыми жобаларды іріктеу жүйесінен де кемшіліктер анықтады. Атап айтқанда, 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кеш жарияланып, соның салдарынан зерттеу жұмыстарының бүкіл циклі кейінге шегерілген. Сараптамалық материалдарды ұлттық ғылыми кеңестерге беру 93 күнге дейін кешіктірілген. 545 жоба бойынша қаржыландыруды шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту туралы экономикалық сараптама ұсыныстары ескерілмеген", – деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.
Бұдан бөлек, жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысы тәуекелі сақталған. Ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы сомасы 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу топтарына кірген. Ал 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшісі болған.
Смайылов мемлекет бөлетін қаржының тиімділігін арттыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Аудит нәтижесінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы 79 жобаға 62 млрд теңге шығындар нақтыланбай бөлінгені анықталған. Сонымен қатар қорытынды есеп қабылданбаған жағдайда да қаражаттың негізгі бөлігі орындаушының иелігінде қалады. Жобаның қорытынды бағасы шыққанға дейін оның құнының 96-98%-ы төленеді.
"16 млрд теңге сомасындағы 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мониторингі ауытқуларды тіркегенімен, бұл тиісті шешімдер қабылдауға негіз болмаған. 2025 жылы орталық 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға заңбұзушылықтарды анықтаған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер тек ақпаратты назарға алумен шектелген", – деді ол.
Оның айтуынша, ғылымның нәтижелілігі көбіне жарияланымдар, қорғау құжаттары мен енгізу актілері сияқты формалды көрсеткіштер арқылы бағаланады. Алайда мұндай көрсеткіштер технологиялық, өндірістік немесе өзге де қолданбалы нәтижеге қол жеткізілгенін дәлелдемейді.
Қолданыстағы модель бойынша ғылыми жоба іс жүзінде есеп тапсырылғаннан кейін аяқталады. Ал оның нәтижелерінің кейінгі қолданысы жүйелі түрде бақыланбайды. Атап айтқанда, аудитке іріктелген 60 патент бойынша оларды пайдалану туралы келісімдер жасалмаған.
"Ғылыми циклдегі ең әлсіз буын – коммерцияландыру. Ғылым қорының деректері бойынша коммерцияландырудың формалды көрсеткіші 44%-ды құраған. Алайда есепті жыл бойынша салыстырмалы есептеу кезінде бұл көрсеткіш небәрі 16% болған. Нақты нарықтық нәтиже де шектеулі. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і немесе 27%-ы соңғы үш жылда өнімді тұрақты сатуды қамтамасыз еткен. Қалған 103 жоба 22 млрд теңге сомасына өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күтілген нәтижеге қол жеткізбеген. Жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға 1% қаражат аудару тетігі де қолданбалы ғылымды дамытудың толыққанды құралына айналған жоқ. Бұған міндеттемелердің орындалуын бақылаудың әлсіздігі және түскен қаражаттың ғылыми айналымнан шығарылып, депозиттерге, бағалы қағаздарға және РЕПО операцияларына бағытталуы себеп болған", – деді Смайылов.
Жалпы, Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы бойынша мемлекетке ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, олардың нәтижелері мен өндіріске енгізілуіне дейінгі бүкіл үдерісті бақылауға мүмкіндік беретін басқару жүйесін терең цифрландыру және бірыңғай есеп жүргізу қажет.
Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 51 млрд теңге болатын қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Сондай-ақ 47 млрд теңге көлемінде қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері тіркелген.
36 жағдай бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тағы үш дерек бойынша аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.