Ұлттық бірегейлік мәселесі ұлттық санамен тікелей байланысты.
Заман өзгерген сайын ұлттық бірегейліктің сипаты да өзгеруде. Бірақ оның ұлттық тарих, руханият, мәдениет және ұлтқа деген сүйіспеншілікпен бекіген тамыры қаншалықты нық болған сайын, ұлттық бірегейлік мәселесі ұлттың иммунитетіне айналады. Оған қазіргі ұлттық мемлекеттерді мысал етуге болар, бірақ бұл ұлттық мемлекеттер қашан да ұлттық болмысты айшықтап отыр дегенді білдірмейді. Ұлттық бірегейлік ұғымы әсіре ұлтшылдықтан қарағанда отаншылдық сезімімен асқақтай түседі. Себебі өзгенің пікіріне деген төзімділік, өзіңнің ғана емес, өзгелердің де сенімі мен құндылықтарын құрмет тұту, сәйкесінше заманға қарай даму бағытына өзгеруге деген ниет ұлттық бірегейлікті нығайтпаса, кемітпеуі тиіс. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту», - деген ой айтады.Әр дәуірдің өз заман құндылығы мен талаптарына сай даму келбеті болды. Адамзатқа жалпыға ортақ диллема даму екені даусыз. Себебі ғарыш жылдамдығымен зымыраған уақыттың басты міндеті де дамуға құрылған. Елбасы сөз еткен ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту уақыт талаптарына сай жүретіні даусыз. Қазіргі жаһандану дәуірінде іргені бекітіп, шекараны ресми құжатпен шегендесек те, мәдени және рухани даму бір республиканың ғана аймағында жүруі мүмкін емес дүние. Бүгінгі әлемдік кеңістік бір-бірімен биосфералық жүйе іспетті тығыз байланыста. Егер ол жүйенің біреуі істен шықса, адамзаттың осы дәуірге дейін жасаған өркениетінің іргесі қақырай бастайды. Біз өмір сүріп отырған дәуірде ұлттық сана адамзаттық санамен үйлесім таппаса, өркениеттің ажырап қалу лезде.Осы орайда ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген даналығы ойға оралады. Н.Назарбаев ұлттың жаңғыруында ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту қажеттігін айтады. Біз өзіміз ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық тәжірибені өзгерту мәселесіне келгенде ұлттық болмыстан толықтай ажырап қалардай шошынамыз. Бірақ ең бастысы заманға қарай өз ұлттық болмысын негіздемеудің салдары одан да терең де жатыр. Осы орайда Елбасы қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатерлері болуы мүмкін екенін жазады.
«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді», - дей келе Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін көрсету керектігін алға тартады. Біраз таптаурын болған кей қасиеттер ұлттық бірегейлік мәселесіне селкеу түсіріп жататын кездер де жоқ емес. себебі белгілі бір идеяға деген әсіре сезімдер әрдайым жемісті болмайды. Сыни ойлау, ой қорыту, жан-жақты пайымдау әсіресе ұлттық идеология мәселесіне келгенде өте нәзік тақырып екені сөзсіз.
Елбасы «Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», - деген ой айтады.
Жер бетінде өмір сүріп жатқан кез келген адам белгілі бір ұлт өкілі. Олардың ешқайсысы өзінің туған жерін, ұлты мен тілін, құндылықтарын басқа мемлекеттен қарағанда әлсіз яки құнсыз деп айтпайды.
Себебі әрбір ұлт өкілі үшін өзінің кіндік қаны тамған жер қашан да асқақ. Осы орайда ұлттық бірегейлік мәселесі өз ұлтыңды өзге ұлттан жоғары қоюда емес, қазіргі уақыттың сын-талаптарына сәйкес келетін даму тұжырымын жасап, сапалы білім алуды қолға алу кезек күттірмейтін мәселе екенін дәлелдеп келеді. Бұған Елбасының «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді», - деген сөзін дәлел ете аламыз.
ХХІ ғасыр жеке тұлғаларды бағалап, олардың қоғамға қосқан үлесін есепке алып, бастысы капитал етіп білімді алға шығарды. Қазір жаңа туылған нәресте де жеке тұлға саналады. Оның құқығы мен бостандықтарын, адамдық қажеттіліктерін мемлекет қорғайды. Адамның осыншама құнды болуы біз өмір сүріп отырған қоғамға сәйкес келді. Сәйкесінше адамды соншалықты құнсыз етіп жіберетін кереғар тұстар да жетіп артылады. Иә біз технология жасап берген «жұмақта» өмір сүріп жатқанымызды жасырмаймыз, қазір қызмет көрсету саласының даму бағыты өзгергені сонша, оған қосымша әсер ететін функциялар пайда болды. Айталық оған әлеуметтік желілерді мысал етеміз. Алайда өз ғасырыңда алға шығып, көш бастау үшін де немесе әлеуметке ұйысып, өмір сүру үшін де басты құндылық білім екенін жылнамадан сырғыған тоқтаусыз уақыт қайта-қайта дәлелдеп беріп жатыр...
Н.Назарбаев ұлттық бірегейлік мәселесін өзі көтерген мақалада «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», - деген ойымен түйіндейді. Ұлттық мәдениетті дамыту саласы Қазақстанда өз жолымен жүріп келе жатқаны рас. Мәселен, «Мәдени мұра», «Туған жер» сынды бағдарламалар ұлттық тарихты жаңғыртуда, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруда бірқатар тартымды жобалар жасай алды. Елбасының бастамасымен негізі құрылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы еліне адал қызмет етіп, жұмыста да, өмірде де табыс пен сәттілікті серік еткен қаншама қазақстандықтарды танытып, үлгі етуде жемісті жалғасын тауып келеді. Сонау 1993 жылы негізі қаланған «Болашақ» бағдарламасы Қазақстан жастары үшін әлемнің жетекші университеттерінде білім алып, елге келіп өз Отанының дамуына ат салысуға жол ашатын табыс билеті іспетті.
Бұлардың бәрі өз кезегінде ұлттық бірегейлік мақсатына жұмылдырылған. Себебі кез келген мемлекеттің ең бірінші идеологиясы да ұлттық бірегейлік мұратына құрылады. Ұлт дамуына құрылған мақсат пен міндет, бірлік пен береке, білім мен ғылым – оның ажырамас негізі, тамыры тереңге кеткен алып бәйтерегі.