Қазақстанда әдеби аударма сәтті жолға қойылуы үшін ең алдымен әдеби агент жүйесін іске қосу керек. Бұл туралы жазушы Смағұл Елубай Халықаралық жазушылар форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Белгілі жазушы Смағұл Елубайдың айтуынша, аудармашы автордың обалына қалмауы керек. Ол үшін әдеби агент жүйесін іске қосу қажет. Қазіргі заманда онсыз әдебиеттің маңдайы жарық бола қоймайды. Әдеби шығарманың өзге тілге аударылуы өте күрделі проблема.
"Менің "Ақбоз үй" романым испан тіліне аударылды. Оған бәріміз қуандық. Кейін сол елдің шығармашылық адаммымен кездесіп, кітапты көрсеттім. Сонда ол маған "өте нашар аударма" деді. Қуанышым су сепкендей басылды. Онымен кім айналысқанын білмедім. Аты-жөнінен де, қандай шығармалар аударғанынан да хабарсызбын. Әрбір елде әдеби агент деген болады. Олар бәрін қадағалап отырады: кітапты қалай тарату керек, қай баспадан шығару керек, қай аудармашыға беру керек. Осының бәрін өз мойнына алады" - дейді Смағұл Елубай.
Оның айтуынша, дамыған елдердің бәрінде жазушы мен баспа арасындағы дәнекер рөлін агенттер атқарады. Жазушылар үйінде отырып жазумен ғана айналысады.
"Мұны айтып отырған себебім – аударманы да қадағалайтын сол әдеби агенттер. Өзіне пайда түсетін болғандықтан автормен бірдей жаны ашиды, табанынан таусылғанша жүгіреді.Сол жүйені қолға алмайынша аударма ісіне күмәнмен қарап отыра береміз",- деді жазушы.
Бұған дейін, Мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов,қазақ жазушыларының шығармаларын үздік мамандар аудару керектігін айтқан болатын. Еске сала кетсек, Алматыда халықаралық жазушылар форумы өтіп жатыр. Оған 18 мемлекеттен 81 делегат қатысуда.