"Көзімнің қарасы" әнін түрлі саладағы мамандар мен эстрада жұлдыздары орындады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан тұрғындары қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай #Абай175 #Abay #Abai #Абай музыкалық челленджін іске қосты. Абай әнін бірінші болып түрлі салада қызмет ететін мамандар орындады: дәрігерлер, автобус жүргізушілері, полицейлер, құтқарушылар, мұғалімдер, сондай-ақ түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еріктілер. Оларды қазақстандық эстрада жұлдыздары Майра Ілиясова, Қыдырәлі Болманов, Айгүл Иманбаева, Қайрат Баекенов қолдады.
Барлығы сүйіп тыңдайтын, халықтың құлағында жатталып қалған "Көзімнің қарасы" әні жаңаша шырқалды. Тұрғындар композицияны шырқап қана қоймай, оны түрлі аспаптарда да орындады.
Абай Құнанбаев-қазақ халқының ұлы ақыны, біз әрқашан мақтан тұтатын тарихи тұлға. Музыкалық челленджге қатысушылар қазақ даласының ұлы есімдерін бірге қолдауға және бастамаға қатысуға шақырды.
"Абайдың 175 жылдығына арналған челленджді барша қазақстандықтарға жолдаймыз. Біз біргеміз", – дейді волонтерлар.
Еске сала кетейік, 30 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуын атап өту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Қазақстанда алғаш рет жаңа ресми мереке «10 тамыз – Абай күні» болып бекітілді.