Министр А.Балаеваның жұмыс сапары барысында Түркия Президенті Әкімшілігінің Қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының басшысы Фахреттин Алтунмен, Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоғлумен және дін істері басқармасының төрағасы Али Ербашпен кездесулер өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Түркияның жастар ісі және спорт министрі М.Касапоглумен кездесу барысында Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасының Жастар ісі және спорт министрлігі арасында жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандум жасасу қажеттілігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ынтымақтастық бойынша волонтерлік қызметтегі тәжірибе алмасу көзделеді.
Түркия Республикасы Дін істері басқармасының төрағасы Али Ербашпен кездесуде министр А.Балаева Түркия университеттерінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жіберуімен қазақстандық теологтарды даярлаудағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен нығайтуға мүдделілік білдірді.
Жұмыс сапары барысында әсіресе Түркияның теледидар нарығының жетекшілерімен өткізген кездесулерге ерекше мән берілді. Атап айтқанда, "TRT" мемлекеттік теле-радиокомпаниясының басшысы Ибрахим Еренмен, Түркияның "Anadolu" ақпараттық агенттігінің басшылығымен және Стамбулдағы телесериалдар түсіру алаңының директоры Яхъей Таип Айденизмен кездесулер өтті. Министрлік бірлескен контент құру, оның ішінде ортақ түркі мәдениеті мен тарихын танымал ету мәселелері бойынша телевизиялық өнімдердің түрік өндірушілерімен ынтымақтастығының көлемі мен сапасын арттыруға дайын.
Айта кетеу керек, "Qazaqstan" РТРК мен Түркияның "TRT" мемлекеттік теле-радиокомпаниясы арасында "Қорқыт ата" бірлескен телевизиялық жобасын құру туралы келіссөздерді бастау туралы келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ, Түрік тарапы түсірген Қожа Ахмет Яссауи туралы телехикаяның көрсетілімі Қазақстан көрермендеріне де таяу арада көрсетілетіні белгілі болды.
Телевизиялық мамандардың тәжірибе алмасуы аясында Аида Балаева Түркияның жетекші мамандарын қазақстандық әріптестерін оқытуға және үйретуге шақырды. Ол бұл бағыттағы жұмысты пандемия кезіндегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін офлайн-форматта ұйымдастыруға болатындығын атап өтті. Министр Түркияның медиа саласы мен шығармашылық топтарының өкілдерін осы жылы іске қосылған "Turkistan" телеарнасының жобаларына қатысуға шақырды.