Елорда маңындағы Қосшыда 1 400 балаға арналған мектептің бірінші сыныбына биыл 700 бала барды, - деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Лесная Поляна тұрғын үйлер ауданында орналасқан №2 орта мектебінде көптеген жылдар бойы оқушы саны шектен асып келеді. Қосшы қаласында жаңадан ашылған мектептерде де оқушылар көп. Президенттің жеке сапары да, тұрғындардың қайта-қайта шағымдануы да көмектеспеді. Оқу орындарында әлі күнге дейін орын жетіспейді.
Қазіргі уақытта ресми мәліметтер бойынша, Қосшы қаласында 70 мыңға жуық адам тұрады. Қалада үш мектеп бар: Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 Қосшы орта мектебі мен №2 Қосшы орта мектебі, екеуі де 1 200 орынға есептелген. Біріншісінде шамамен 1 800 оқушы болса, екіншісінде 4 000-ға жуық оқушы білім алады. Сондай-ақ, мұнда бірнеше жыл бұрын 600 оқушыға арналған жекеменшік мектеп ашылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Қосшыдағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы мектепке келген. Президент 1 200 оқушыға арналған жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданғанын және осы мәселені жіті қадағалайтынын айтқан.
Биыл Лесная Поляна тұрғын үйлер ауданындағы №2 Қосшы орта мектебі бірінші сыныпқа 700 баланы қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, оның жобалық қуаты - 1 200 орын, бірақ мұнда 4 мыңға жуық мектеп оқушысы білім алады. 1 қыркүйекте мектепке алғаш қадам басқан бүлдіршіндер үшін 28 сынып ашылды. Әрбір сыныпта 25 оқушы бар. Бірінші сынып оқушыларының көптігінен, жоғарғы сыныптағылар екінші және үшінші ауысымда оқуға мәжбүр. Бірінші сабақ сағат 08: 00-де басталады, үшінші ауысымның бесінші сабағы 19: 50-де аяқталады. Әр ауысымда 5 минутқа берілетін 4 үзіліс және 10 минутқа берілетін бір үлкен үзіліс бар.
Мен электронды түрде құжаттарды тапсырғаннан кейін мектепке келгенімде, баламның "Ш" сыныбында оқитынын айтты. Мектепте қанша бала болатынын, оның қалай толып кететінін көзіме елестеттім. Екінші немесе үшінші сыныпта балалар екінші ауысымнан үшіншіге ауыстырылды. Балаларға қосымша сабақтарға бару мүмкіндігі болмайды, оларды таңертең апаратын ешкім жоқ, ал түсте олар мектепте болуы керек, - деді бірінші сынып оқушысының анасы.
Осыған байланысты ол 1 қыркүйекке дейін құжаттарды кері алып, балаларды қаладағы жаңа аудандық мектепке беріпті. Онда балалар екі ауысымда оқиды.
Мені мектеп дәліздерінің тарлығы мен сынып бөлмелерінің кішкентай болуы таң қалдырды. Дәлізде де, сыныпта да айналатын жер жоқ. Егер өрт шықса, онда не болатынын елестетудің өзі қорқынышты, 1200 бала осындай тар дәлізде тез эвакуацияланбайды ғой, - деп қорытындылады ол сөзін.
Қазақстанда соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің артуына байланысты кейбір мектептерде 1 сынып үшін әліпбидегі әріптер де жетпей қалып жатыр. Мұндайда әліпби қарпі қайтадан басынан қайталанады, яғни 1 "А1", 1 "А2" сыныбы дегендей. Әрине, мұндай адам саны тығыз мектептерде білім сапасы, не болмаса оқушылардың денсаулығы туралы сөз қозғаудың өзі артық.