Ұрпақтарының бастамасымен еңсе тіктеген 4 метрге жуықтайтын ескерткіштің Байбура асуына қойылуы бекер емес. Өйткені би 1720 жылы Көкпекті өңірінде туып, 1793 жылы осы кезеңде дүниеден өткен. Байбура Қожабергенұлы ел ішіндегі ұзаққа созылған Керімбала дауын әділ шешуімен жұрт есінде қалған, деп хабарлайды "Хабар 24".
Керей мен уақтың дауы ғой деймін. Екі жылға созылған дауды Байбура қалың мал қайтарылмайтындай әділдікпен шешкендігі жөнінде ел аузында әңгіме бар. Байбура осы өңірде туып, өмір сүрген. Әкесі Қожаберген Ақсуатта жатыр. Қожаберген Абылайдың оң тізесінен орын алған батырлардың бірі. Байбура бидің ұрпағы Мұхсин Мақұлбекұлы
2017 жылға дейін Байбура есімі ел аузындағы аңыз болатын. Байбураның бораны, тіпті жаздың өзінде апат-күлпәт көп болған. Көліктер соғылып жататын. Бүгін сол аңыз ақиқатқа айналып, ұрпағының баба алдындағы парызы орындалды деп сенемін. Айтыскер ақын Серік Құсанбаев
Ел аузындағы аңыздан ақиқатқа айналып, есімі қайта жаңғырған тұлға құрметіне ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Енді міне аузымен құс тістеген азулы ақындар баба есімін насихаттап жатыр. Бұл көптен бері ойда жүрген дүние болатын. Сол істің сәті бүгін келіп жатыр. Байбура есімі бұдан кейін де насихатталады. Айтысты ұйымдастырушы Мұратқан Кенжеханұлы
Байбура би есімін ұлықтау шаралары Көкпекті ауданында жалғасын табады. Алдағы уақытта ескерткіш маңы абаттандырылып, келімді-кетімді жұрт аялдайтын киелі орынға айналады.