Қайыршылықты кәсіп қылғандар көбейіп барады

Біреулер амалы жоқтан, қатты мұқтаждықтан қайыр сұраса, енді біреулер бұл істі ақша табу жолына, күнделікті жұмысқа айналдырып алған.

Бұрын көшеде, базарларда, қоғамдық орындар мен автоустарда қайыр сұрап жүретіндердің дені шетелден келген келімсектер болса, бүгінде қайыршылар қатарында отандастарымыздың көбейіп жатқаны анық байқалады.

Мұның басты себебі елімізде кедейлер санының артып жатқаны болса керек. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы кедейлік шегі әлемдегі ең төмендердің бірі саналып, Нигерия, Ангола, Венесуэла және Габон елдерімен деңгейлес екені белгілі болды. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кедейлік деңгейінен төмен өмір сүретіндер саны 2022 жылдан бері үш есе артқан.

Дегенмен, он екі мүшесі сау, жұмысқа жарамды адамдардың көшеде тілемсектеніп жүргенін көп байқаймыз. Біразы бұлай тапқан ақшаларын ішімдікке жұмсайды. Ал тепсе темір үзетін жап-жас жігіттердің әртүрлі оқиғаларын, жағдайларын айтып ақша сұрап жатқанына қарап таңғаласың. Жалпы, көшеде өтіп бара жатқан адамдарға қолын жайып, оңай жолмен жанын бағуды әдетке айналдырып алғандар күн санап артып келеді. Бұл жағымсыз үрдіспен қалай күресуге болады?

Экономикасы дамыған елдердің көбінде қайыршыларға қарсы қатаң күрес жүргізіліп келеді. Мысалы, 2016 жылы Финляндия парламенті қайыр сұрауға тыйым салатын заң жобасын қарады.

Құқық қорғаушылар бұл бастаманы Еуропалық Одақ тарихындағы адамгершілікке қарсы келетін шаралардың ең сорақысы деп айыптаған, алайда, аталған идея уақыт өте келе кеі танымалдыққа ие болды. Осылайша, бүгінде Данияда және Норвегияның кейбір аудандарында қайыр сұрауға заң жүзінде тыйым салынған. Швейцария, Испания, Ұлыбритания, Люксембург және Германияда агрессивті қайыр сұрау және балаларды пайдаланып қайыр сұрау, алдамшы дене жарақаттарын келтіру және ойнауға жарамсыз музыкалық аспаптарды пайдаланып қойылым қоюға қарсы қатаң ережелер мен айыппұлдар қолданылады. Швеция мен Францияда қоғамдық орындардағы жүріс-тұрыс ережелерін қатаңдату көзделуде, бұл ең алдымен қайыршыларға қиындық тудыратын шара.

Жалпы, Еуропа соңғы он жылда қайыршылармен күресуге белсенді кіріскен көрінеді. Зерттеушілердің пікірінше, оған Румынияның Еуропалық Одаққа кіргеннен кейін мыңдаған румынның жақсы өмір сүру мақсатында кәрі құрлыққа аттанғаны әсер еткен. Алайда, соңғы жылдары Таяу Шығыс пен Африкадан келген босқындар санының артуына байланысты ЕО-да кедейлермен күрес түбегейлі өзгерді.

Қайыршыларға қатысты ең қатаң шаралар қобылданды. Ең бастысы – айыппұлдар. Олар қаланың адам көп шоғырланған көшесінде қол жайып отырғаны үшін 750 еуродан басталып, 38 мың еуроға жетуі мүмкін. Дәл осындай айыппұл жақында Австрияда Румыниядан келіп, жас қызымен бірге қайыр сұраған әйелге салынды. Румыниялық әйелдің қорғаушысы аталған жазаның адамгершілікке жатпайтын және заңсыз екенін алға тартқан. Оның айтуынша, әйел күніне өзіне және бес баласына тек 20 еуро жинайды және салынған айыппұл ол үшін тым ауыр.

Алайда, шамасы Австрия билігі румыниялық әйелдің оқиғасын заң бұзған басқа қайыршыларға үлгі етіп, тәрбиелік мақсатта пайдалануға ниетті.

Еуропа елдері билігінің логикасы қарапайым: олар өз қалаларының көшелерін әдемі бейнеде көргісі келеді. Ал қол жайып отырған тілемсектер бұл көріністі бұзып, жергілікті тұрғындардың шамына тиеді. Швецияда қайыр сұрауға қарсы заңның жақтаушысы Ардалан Шекараби айыппұлдар енгізілмесе, қайыршылар көбейетінін мәлімдеді.

"Румыния мен Болгариядағы кедейлік мәселесін Швеция көшелерінде қайыр сұрау арқылы шешу мүмкін емес екенін түсіну керек. Мұнда мүлдем басқа шаралар қажет, атап айтқанда, сол елдердің ұлттық үкіметтерінің дұрыс шешімдері қажет", – дейді саясаткер.

Дегенмен құқық қорғаушылар еуропалықтардың бұл әрекеттеріне үзілді-кесілді қарсы. Олар мұндай заңдардың адамдарды көшеден қуып, оларды аштықтан өлуге итермелейтінін алға тартады.

Бұл орайда қай тараптың позициясы дұрыс екенін нақты айту қиын. Дегенмен, біздің елімізде қалыптасқан жағдайға оң өзгерістер енгізу үшін қандай да бір шара қабылдаудың қажет екені анық.

Негізінен елдегі мегаполистерде аталған мәселе барынша ушығып тұр. Қоғамдық орындар, базарлар, мешіттерді былай қойғанда, қайыршылар қалалардағы көлік қатынайтын ірі көшелерді "басып алған". Кептеліс кезінде жолға шығып, әр көлікке жақындап, тіпті, назар аудармай тұрған жүргізушілердің терезесін қағудан тайынбайды.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, республикада 2022 жылы қоғамдық орындарда қудалауға байланысты 1,6 мыңнан астам іс тіркелген.

Сонымен қатар қайыр сұраумен айналысатын 260 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық ұсталған азаматтармен әңгімелер жүргізілді. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыру мақсатында ақпаратты Жұмыспен қамту орталықтарына жіберу үшін сауалнама деректері алынды. 84 құқық бұзушы қабылдау бөліміне, 51 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды.

Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орындарда қудалау үшін ескерту немесе жеке тұлғаларға бес АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Егер азамат құқық бұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, ол бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Егер шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам ұсталса, онда бес тәулікке айыппұл мен қамауға алудан басқа, ол елден шығарылуы мүмкін.

Жалпы, полиция тарапынан ескерту, шағын айыппұлдар мен қысымнан басқа ешқандай шара қолданылмайды. Осыған орай, елімізде қайыршылар санының артуына қарсы ешбір тосқауыл болмай отыр.

Негізі, көшелерімізде қаптаған шетелдіктердің, атап айтқанда, сығандардың қайыр сұрауды кәсіп қылғандары, бұл тірліктерінен ешбір қысылмайтыны айтпаса да түсінікті. Алайда, бұл істі әдетке айналдырған отандастарымызды, оның ішінде жұмыс істеуге денсаулығы жарамды адамдарды көргенде іштей қынжыласың.

Психолог Камила Мергенбаеваның айтуынша, қайыршылық сана бала кезден қалыптасады.

"Қайыршылық сана – біреуге тәуелді, біреудің есебінен күн көруге бейім сана. Мұндай адамдар әдетте өзгелер оларға ақша беруге міндетті деп есептейді. Ауыр еңбек етпей, жаны ашитын адамдар есебінен тапқан табысын тұрақты жұмысқа айналдырады. Қарапайым адамның да психологиясы сол – өзінен төмендеу адам көрсе, көмектескісі келіп тұрады. Көшеде отырған кейбір қайыршылардың үйі, жағдайы бар, он екі мүшесі сау болады. Бұл топтағылар үшін қайыршылық кәдімгі мамандықпен бірдей. Бірақ екінші топ – шынымен көмекке мұқтаж адамдар бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Олар – жалғызбасты аналар, зейнеткерлер мен мүгедектер болуы мүмкін", – дейді психолог.

Діни тұрғыдан алып қарасақ та, аса мұқтаждық болмайынша, қайыр сұраудың құпталмайтын әрекет екені түсінікті.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Беруші қол алушы қолдан қайырлы", деген.

Әдетте біз қайыршыны көрген уақытта "садақа берсек, сауап болады" деп қайыр садақа беруге асығамыз. Бұл расында адам баласының жақсылық жасауға жаны жақын екенін білдірсе керек. Ислам мұқтаж адамға, қайыршыға, жалпы қайырымдылық жасауға шақырғанымен, басқаларға қол жайып, жәрдем сұрауды құптамайды. Адамның жұмысқа денсаулығы жарамауы немесе жағдайдың соған мәжбүрлеуі басқа мәселе. Ал он екі мүшесі сау бола тұра пайда көздеп, қайыр сұрау күнәлі іс саналады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: