Жынмен неге алысып кеттік

Оның емі бар ма?

Қазақстандық психиатр-нарколог дәрігер Санжар Сайткәрімұлы эпид ахуалдан кейін депрессияға түскен науқастардың саны көбейіп кеткеніне алаңдаулы екенін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Дәрігер бүгінгі қоғамдағы күйзелістің себеп-салдары мен соңғы уақытта жын кірген аурулардың артуына қатысты өз ойын білдірді.

  • Статистикаға сәйкес, әрбір оныншы адамда депрессия, мазасыздық секілді психикалық ауытқулар кездеседі. Бұл диагноздан құлан таза айығуға бола ма?

Әрине, бұл аурулардың емі бар. Егер талдаулар дұрыс жүргізіліп, диагноз дұрыс қойылса, кез келген аурудың емі болады. Ауруға салғырт қарап, диагностика жүргізілмей, ем-дом шаралары нақты тағайындалмаса, дерт асқына береді. Ал депрессияның, яғни күйзелістің қайдан пайда болатынын өздеріңіз білесіздер. Қазақстандықтарды көбіне отбасылық жанжалдар, ажырасулардан соң депрессияға түседі. Оның емі әртүрлі тағайындалады.

Қазақ қоғамында адамдар есірткіге тәуелділікпен қоса, құмар ойынға шырмалып көмек сұрап келетіндер көп. Оның ішінде ішкені алдында, ішпегені артында, не істерін білмей жүрген бауырларымыз қаншама? Жағдайы жақсы талай отбасының ата-аналары балаларының қазіргі күйіне алаңдап жүр. Мұның барлығы құдайын ұмытқаннан болады. Екінші орында күйеуі көзіне шөп салып, өмірден баз кешкен әйелдер. Олар соның салдарынан ішімдікке салынған. Ішімдікке салынған әйелдерді райынан қайтару оңай емес.

Мен психиатр дәрігер ретінде "жын кіру" дегенді растаймын. Жын деген бар. Жоғарыда айттым ғой, ол жаратушысын ұмытқан адамдарға кіруге тырысады екен. Мына депрессияға түсудің соңы жынның кіруіне алып келеді. Алайда ауырғандардың барлығына жын кіріп кетті деп айтуға келмес. Бұл тақырыпты "хайпқа" айналдырғандар да бар. Алайда ол ойнайтын нәрсе емес.

Ондайлар жетеді. Бірақ бірден айтамын, бақсы-балгер, тәуіп, көріпкел дегендерге жын шыға қоймайды. Қысқасы, олардың өздерінің ішінде жын отыр. Алдымен өздерін емдеу керек. Жалпы жынды психология ілімінде "шизофрения" деп атайды. Ол көрінбейді. Оны есірткі қолданған адамның бойынан байқауға болады. Өз басым жынды діни жолмен шығарған жөн деп санаймын. Ал кейбір тәуіптердің пышақпен қылқындырып, қуалап жүріп, ұрып-соғып жын шығарамыз деуі далбаса. Өтірік! Емі – Құран.

Мен әлі күнге дейін сол шизофрениктермен жұмыс жасап жүрмін. Ол генмен берілуі мүмкін. Ал шизофренияның түрлері көп. Кататоникалық, күрделі емес түрлері бар. Түріне қарай емдеу шаралары жүргізіледі. Пароноидтық шизофрения кезінде, науқас өз-өзімен сөйлесіп жүреді. Ол өзін құдаймын, пайғамбармын деуі мүмкін. Яғни құдіретті күшке иемін дейді. Мұның барлығын біз емдейміз.

Ковид басталған кезде оған ешкім сенген жоқ. Адамдар қойша қырылғанда, мәйітханаларда орын болмай жатты. Адамдар көз алдымызда өліп кетіп жатты. Ол стрессті айта алмаймын. Дәл сенің ауруыңмен көз жұмды. Ойлаңызшы, күндіз сенімен сөйлесіп отырған адам кешке қарай тұншығып өліп кетті. Міне, осы жағдайдан кейін депрессияға түскендер көбейіп кетті. Бірден айтайын, бұл мұндай қиындықтарға қарсы күресе алатын иммунитеттің болмауынан. Яғни қорқыныш аурудан да жаман. Сондықтан сабырлы болу керек. Одан кейін – иммунитет. Осының бәрі бізді алып шығады деп айтамын.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: