Павлодар облысы Екібастұз қаласында бесінші қабаттан құлаған екінші 15 жасар қыз ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары хабарлады.
Ведомствоның баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның айтуынша, жеткіншек Екібастұз қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
«Дәрігерлер интенсивті терапия жүргізіп, қолдан келгенше өмірін сақтауға тырысты. Өкінішке қарай, қыз бала көз жұмды. Жасөспірімге бұған дейін ашық бас-ми жарақаты, бет сүйегі мен бассүйегінің сынуы диагнозы қойылған. Сонымен қатар, ауыр деңгейдегі бас миының жарақатын алып, омыртқасы сынған», - дейді Эльмира Темірғалиева.
Еске сала кетсек, өткен аптада 15 жастағы жасөспірімдер бесінші қабаттан құлап кетті. Олардың бірі ауруханаға жетпей көз жұмған. Жергілікті білім беру бөлімі мамандарының хабарлауынша, қыз балалар Екібастұз қалалық ІІБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі бөлімінде есепте тұрған. Екеуі де толық емес отбасында тәрбие алғаны белгілі. Бұл оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша, яғни «Өзіне-өзі өлтіруге қол жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.