Америкалықтар асырап алған, 17 жасында фотография саласы бойынша биіктен көрініп үлгерген Дэвиннің өлімі жайлы бірнеше шетелдік басылымдар жарыса жазды. Біздің ресми өкілдер ол асырап алғанда ұл емес, қыз бала болғанын, шын есімі Айсұлу екенін айтады, деп хабарлайды Zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
"Дэвин 2001 жылы 16 қазанда Қостанайда туған. Шын есімі - Айсұлу. Оны бір жас екі айлық шағында америкалық отбасы бауырына басыпты. Зерек бала кішкентайынан гимнастика, би және сурет салумен айналысқан. Фото саласында ұлттық марапаттарға ие болған. Қысқа ғана ғұмырында үлкен жетістікке жеткен жігіт жайында шетелдік басылымдар жарыса жазды. АҚШ-қа Диана деген жаңа есімді алып кеткен өрімдей қыздың, кейіннен қалайша Дэвинге айналып кеткені белгісіз", - дейді телеарна тілшісі.
Өмірбек БАЙКЕНОВ, «ДЕЛЬФИН» СӘБИЛЕР ҮЙІНІҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
- Ол баланың бізден кеткеніне ұзақ уақыт өтті. Архивты ақтарып отырып, оның бізге бір айлық кезінде түскенін анықтап отырмыз. Одан анасы бас тартқан. Оны 2002 жылдың 10 желтоқсанында асырап әкетті. Денсаулығында еш ауытқу болмаған. Біздің балалардың барлығының да дені сау.
Шетел азаматтары 2015 жылдан бері ел аумағынан 156 баланы асырап алған. Биылғы жылы бір де бір қазақтың қаракөзі жат елге аттанбапты. Ал, былтырғы жылы 8 бала басқа мемлекеттің қамқорлығына кеткен. Басым бөлігі 1 мен 9 жас аралығындағы балалар.
Гүлмира КҮЛСАРИЕВА, ҚР БҒМ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
- Біз қазір шетелге балаларды жіберіп жатқан жоқпыз. Бірінші кезекті өз еліміздегі мұқтаж отбасыларды қамтып жатырмыз. Қазірдің өзінде ел азаматтарынан 4 мың өтініш түскен. Оларға қойылатын талап, шетел азаматтарымен салыстырғанда жеңілірек. Ал шетелге асып кеткендердің тыныс-тіршілігі туралы біздің сыртқы істер министрлігі үнемі хабардар болып отырады.
Бүгінде 20 000 қазақстандық баланы шетел азаматтары тәрбиелеп отыр. Оның 6000-ның мүмкіндігі шектеулі болған. Балалар құқығын қорғап жүрген Аружан Саин денсаулығында кінәраты бар балаларды асырап алуда мұқият болған жөн дейді.
Аружан САИН, БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛ:
- Баланың диагнозын анықтау ресейлік дәрігерлермен байланысу қажет. Есіңізде болсын, бұл диагноз сәйкес келмейді және әдетте ешқандай еуропалық немесе америкалық диагнозмен сәйкес келмейді.
Жат ел азаматтарының бала асырап алу процесін қазақстандық 12 агенттік іске асырады. Олар қазір АҚШ, Бельгия, Италия, Испания, Англия, Канада елдеріне ғана рұқсат етілген.