Шыңғыс Айтматовтың күйеу баласы Сырғақ Кенжебаев Алматы әуежайында ұсталды. Бастапқыда Ширин Айтматова Twitter-де күйеуінің жоғалғанын хабарлаған. Кейіннен қырғыз қауіпсіздік қызметкерлері бұл жайтқа түсініктеме беріп, оның ұсталғаны белгілі болды, деп хабарлайды zakon.kz.
- Бүгін Алматы әуежайында күйеуім жоғалып кетті, маған ешкім ештеңе айтпайды, жауап бермейді. Не полиция, не шекара қызметі. Көмектесіңіздерші! - деп жазды 19 желтоқсанда әлеуметтік желіде Қазақстан Республикасының Президентіне жолдаған үндеуінде Ширин Айтматова.
Кейін оны Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "алаяқтық жасады" деген күдікпен ұстағаны белгілі болды. 24.kg хабарлауынша, Ширин Айтматованың күйеуі Сырғақ Кенжебаев Қырғызстанда алаяқтық бойынша екі қылмыстық іске қатысы бар көрінеді. Олардың бірін Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті, ал екіншісін Ішкі істер министрлігі тексеріп жатыр.
Барлау органы мәліметінше, Сырғақ Кенжебаев Қытай азаматының 350 мың долларын алдап алып алған. Шетелдік "Қауіпсіз қала" жобасының екінші кезеңіне қатысқысы келген. Ол Қырғызстанға инвестиция тарту және жобаны жүзеге асыру үшін Қытайдың ең ірі компанияларының бірінің өкілі ретінде келген. Мұнда ол Кенжебаевты кездестіріп, үлкен сомадағы ақшасынан айырылған.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Сырғақ Кенжебаевтың қытайлық инвестордан бұрын алған ақшасынан бөлек қосымша 250 мың доллар талап еткені туралы бұлтартпайтын дәлелдер алынғанын айтады. Оған Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 204 бабы, яғни "Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық" бойынша айып тағылуда. Осы істі тергеу барысында Кенжебаев ұсталып, ҰҚМК-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар,қырғыздың ішкі істер министрлігі де Сырғақ Кенжебаевтың басқа қылмыстық іске қатысы барлығы туралы хабар таратты. Милицияның мәліметінше, Бас прокуратура Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің "Қызметтік жағдайын асыра пайдалану" және "Немқұрайлылық" сынды екі бабы бойынша іс қозғады. Қырғызстан азаматы Виктор Гавришев құқық қорғау органдарына арыз жазып, Сырғақ Кенжебаевтың үстінен шағымданған.
Ол өзінің ұлы Егор Гавришевке қарсы контрабанда мен салық төлеуден жалтаруға қатысты қылмыстық істі қолдан ұйымдастырылғанын айтады. Арызданушы бұған тағы екі адамның қатысы барын айтады: бірі - полиция бөлімінің тергеушісі және Ресей азаматы Сергей Богданов. Богданов пен Кенжебаевқа алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр, ал құзырлы орган аты-жөнін жарияламауды жөн көрген ІІД-нің тергеушісі қызметін асыра пайдаланған деп айыпталуда.
Болжам бойынша, Сыргақ Кенжебаев пен Сергей Богдановтың бастамасы бойынша Бішкектің орталық ішкі істер департаментінің тергеушісі 2013 жылы Егор Гавришевке қарсы сырттай қылмыстық іс қозғап, 2019 жылы ақпанда оны Манас әуежайында ұстаған. Ол үй қамауына алынған.
Бұл қылмыстық іс ІІМ-нің тергеу қызметінің сотқа дейінгі іс жүргізуіне алынды.
Ал Ширин Айтматова күйеуінің ұсталуын оппозицияның белсенді әрекеттерімен байланыстырады және мұны "Үміт-2020" қозғалысының мүшелеріне қысым көрсету әрекеті деп санайды.