Алматы маңында ұшақ апатынан жарақат алған екінші ұшқыш жан сақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Ер адам есін жиды. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында № 4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
- Жағдайы тұрақтанды. Ұшқыш есін жиды, жан сақтау емес, мамандандырылған бөлімде жатыр қазір. Ол тілге келді, қойылған сұрақтарға жеткілікті деңгейде жауап бере алады, - деді Айман Байзолданова.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаев бүгінде қаланың ауруханаларында 27 науқас барын, оның жетеуі бала екенін жеткізді. Одан бөлек Нұр-Сұлтанда тағы үш адам медициналық ем алып жатыр.
Екі адам жан сақтау бөлімінде жатыр: бірі Алматы қалалық көпсалалы клиникалық ауруханасында және тағы бірі - Нұр-Сұлтан қалалық ортопедия және травматология ғылыми-зерттеу институтында. Зардап шеккендердің барлығының, оның ішінде жан сақтау бөлімінде жатқандардың да жағдайы тұрақты, бәрінің жағдайы жақсарып келеді. Жалпы, дәрігерлер 22 отаны сәтті өткізді.
- Медициналық көмек, диагностикалық тексерулер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету толық көлемде көрсетіліп жатыр. Күн сайын Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының және республикалық ұйымдардың мамандары консультация жасап, өзара кеңеседі, - деді Әбілдаев.