Қостанайда келіншекке интимді ұсыныс жасап, оған қол жүгіртпек болған ер адамның ісі қоғамды дүр сілкінтті. Өз дегеніне қол жеткізбеген жігіт нәзік жанды ұрып, басына зақым келтірген.
Оқыс жайт 10 мамырда болыпты. Жеңіс күнін тойламақ болған бір топ еркек коттедж жалдап, қонаққа таныс қыздарын шақырған. Түнгі 3-те көңілді отырысқа қосылған үш бұрымдының бірін төсекке тартпақ болған жігіт келіншек дегеніне көнбеген соң, оны ұрып-соққан.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Лаура Сүндет, зардап шегуші:
"Мен ешқашан да зорлық-зомбылықтың құрбаны болмадым. Сондықтан да полицияға жүгініп отырмын. Ал, жігіттің тарапы мені қорқытып, мәселені ақшамен шешуге тырысуда. Мені ақша қызықтырмайды. Мен тек әділдік орнауын қалаймын".
Қазір нәзік жанға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның жарақатының деңгейі анықталу үстінде. Ал күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Жігіттің өзі кінәсін мойындаған жоқ. Ал көңілді кешке қатысушылардың барлығы төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Нұрлан Арыстанов, облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы:
"Бұл қылмыстық іс полиция департаментінің қадағалауында. Бұған қоса, зардап шеккен 22 жастағы қызға психологтер көмек көрсетіп, онымен жұмыс істейтін болады".