Жасөспірімдердің супер-селфи жасау әрекеті қайғылы оқиғамен аяқталды, деп хабарлайды zakon.kz.
20 тамызда сағат 19.19-да Алматы облысы, Алакөл ауданы, Бескөл ауылынан 1 шақырым жерде орналасқан балық зауыты маңындағы жеке қараусыз тұрған қиранды ғимаратта суретке түсу кезінде 2004 және 2005 жылы туылған екі бозбала қаза тапты. Үшіншісі - 2004 жылғы бозбала оң аяғын сындырып, Үшарал аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 1991 жылдан бері жұмыс істемейтін 2 қабатты ғимаратта жастарды бетон плита басып қалғанын анықтады.
"Оқыс оқиға салдарын жоюға Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 7 құтқарушы және 3 техника, жедел жәрдем көлігі мен 3 медициналық қызметкер және жергілікті атқарушы органның 4 жұмысшысы және 2 техникасы ("Бағалы-Алакөл" ЖШС-ның 2 краны) жұмылдырылды", - деп хабарлады Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Төтеншеліктер адам өзін-өзі суретке түсіргенде назары тек өзінде болып, ешнәрсені ойлап, қауіптенбейтінін, айналасына қарауға да мұршасы болмайтынын, сондықтан тепе-теңдікті жоғалтуы қаупі жоғары екенін айтады. Сондықтан селфиге түсер кезде өзіңіздің қауіпсіз жерде екендігіңізге және өміріңізге қауіп төндіретін айналаңызда зат жоғына, алдымен көз жеткізіп, алуды ескертеді.