Алматы облысында айдаладан өлі табылған келіншекке қатысты тың мәлімет жарияланды

20 тамызда Өрнек ауылы маңынан 21 жастағы жас келіншек өлі табылды. Марқұмның артында бір жасар баласы қалды.

Алматы облысында тапа-тал түсте жас келіншекті өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген. Кісі өлтірді деген күдікке марқұмның ауылдасы ілініп отыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Марқұм әке-шешесінің үйінен шығып, күйеуінің жеке қожалығына кетіп бара жатқан жолда қаза тапты. Күдіктінің мәліметінше, ол келіншекті тұншықтырып өлтіріп, суға батырып кеткен. Кейіннен оқиға орнына қайта айналып келіп мәйітті өртеп жіберіпті. Қайғылы оқиға 20 тамыз күні болған. Марқұм бірнеше сағат бойы үйге оралмаған соң жақындары құқық қорғаушыларға хабар беріп, өздері де іздеуге кірісіп кеткен. Бірақ тәулік өткен соң ғана 21 жастағы келіншектің денесін ауыл шетінен тапқан.

Ақбота ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

- Кісі өлтірді деген күдікпен осы ауылдың 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұрын кісі тонағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған және қазір еш жерде жұмыс істемейтіні анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Өрнек ауылында бар болғаны 400-ге жуық тұрғын бар. Болған жайтқа сене алар емес. Дегенмен күдіктіге қатысты пікірлері екіге жарылды.

Илхам ЖИЛЕЛОВ, ӨРНЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Осыған дейін артық қылығын байқамадым. Ауылдастармен жақсы араласатын. Астанаға барып жұмыс істеп келді. Мынадай іске баратынын білмедім. Жағдайда естігенде сенбей қалдым.

Набира МАНАП, ӨРНЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Қақтығысып, соғысып бізбен де ұрысқан. Менің күйеуімді де сотқа итермелеп баламды ұрып қойды, деп сотқа кіргізген менің күйеуімді. Бізбен де ұрсып айтпағанды айтты.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігімен яғни "Адам өлтіру" бабымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қайғыдан қан жұтқан отбасында күйеуімен бірге бір жастағы баласы қалды. Марқұмның жақындары сұхбат беруден бас тартты. Дейтұрғанмен ауылдастарының мұндай қадамға не үшін барғанын ешкім түсіне алмар емес.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: