Балалары бір аптадан кейін ажырасқан құдалар сырға мен бұзау үшін қырқысты

Түркістан облысында өзінше билік еткен әйел ұстады.

Түлкібас АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, Шымкент қаласында тұратын бұрынғы екі туысының өзінше билік етіп, алтын сырғасы мен қорасынан бұзауын алып кеткенін жеткізген, деп хабарлайды zakon.kz ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 389-бабы "Өзінше билік ету" бойынша Түлкібас АПБ-нің СДТБТ-не тіркеді.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірден оқиға орнына келіп, жәбірленуші тұрмысқа шығып, бір аптадан кейін ажырасқанын анықтады. Біраз уақыттан кейін оның қайын әпкелері "қалыңмалды" қайтаруды талап еткен. Осыған байланысты олардың арасында жанжал туындаған. Ақшаны қайтара алмаған соң, бұрынғы туыстары келінінің құлағындағы сырғасы мен қорадағы бұзауын алып кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түлкібас АПБ-нің полицейлері өзінше билік еткен құқық бұзушының жеке басын және тұрғылықты жерін анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Жәбірленушіден заңсыз алынған мүлік иесіне қайтарылды. Күдіктілердің бас шарасы келу туралы міндеттемеде. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды болдырмау үшін жанжалды мәселелерді заңды түрде шешуді ұсынады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: