Бас қалада көлік жуу орталығы өртеніп, ішінде тұрған 13 машина жанып кеткен. Далада қатты аяз болғандықтан жүргізушілер темір тұлпарларын жылы боксқа түнде кіргізген екен, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Елордада қаңтар айында қыс қаһарына мінді. Түнде ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендеп, көлік иелерін әбден әбігерге салуда. Ал, осы сәтті ұтымды пайдаланған көлік жуу орталығы түнгі уақытта темір тұлпарларды жылытатын орынған айналған. Әр көлік басына 3 мың теңгеден ақы алып жүріпті.
Түнде көлік жылытуға қойылған 13 көлік таң ата толығымен өртеніп кеткен. Нақтырақ айтсақ, 10 көлік түгелімен жанса, 3-не материалдық шығын келген. Бірақ, көлік қожайындарының сөзінше оларды да қалыпқа келтіру мүмкін емес.
Аяқ астынан темір тұлпарларынан айырылғандар қазір шығын көлемін есептеп әлек. Қатты аязда көлік оталдыру машақатынан құтылғысы келген жандар оқиға орнынан кете алмай жүр. Көбісі табыс көзінен қағылды. Себебі, зардап шеккендердің басым бөлігі, осы автокөлік арқылы отбасын асырап жүрген жандар екен.
Жарқын Дарын, қала тұрғыны:
Кеше түнде қалдырдым Ауди А6. Кеше түнгі сағат 12-лерде қалдырдым. Таңертең келсем осындай жағдай болып тұр. Білмейміз енді не боларын. Мен енді бүгін после обеда бір сатып алушымен келіскенмін 3 млн 200 мың теңгеге сатамын деп.
Зардап шеккендерден сұрастыра келе басым бөлігінің көліктері сақтандырылмағанын түсіндік. Себебі, мына өртенген темір тұлпарлар алыс-жақын шет елдерден әкелінген. Ал, оқыс жағдайға деп қамданған жандар мүлкіне өтемақы өндіріп алатынына сенімді.
Әсем Тоқбаева, қала тұрғыны:
Таңғы сағат 8 жарымда далада сиренаның дауысын естідік. Мен осы маңайда тұрамын. Терезеден қарасақ көлік жуу орталығы өртеніп жатыр. Біз келіп, көлігімізді өз бетімізше шығаруға тырыстық. Бірақ, өрт сөндірушілер төңіректі қоршап алып, кіргізбеді. Газ баллон жарылуы мүмкін екенін айтты. Енді, шығын көлемін есептеп жатырмыз. Өндіріп алуға тырысамыз.
Қаланың ескі бөлігіндегі бұл көлік жуатын орталықтың айналасында халық көп тұрады. Екінші қабатында адам қарасы үзілмейтін монша да жұмыс істейді. Бірақ, бүгін жабық екен. Сондай-ақ, өртенген көліктердің арасында 5 тұлпарда газ қондырғылары болған. Абырой болғанда, жарылысқа ұласпай тұрып, мамандар тілсіз жауды сөндіріп үлгеріпті. Ал, өрт шыққан уақытта ғимарат ішінде адам болмаған.
Саят Әбішев, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
8 сағат 51 минутта 101 нөміріне Есенберлин көшесі 26/1 мекенжайы бойынша өрт жайлы мағлұмат түсті. Меншік нысаны бойынша барлық кісілер сотқа хабарласып, сот бойынша шешім қабылданады. Яғни, бүгінгі өртті есепке алсақ 13 машинаның ішінде 5 автокөлікте газ қондырғылары орнатылған деп есепке алынды.
Шығынға батқан көлік иелері орталық қожайынына ашулы. Себебі, оқиға орнына келмеген, қоңырауға мүлде жауап бермеген. Енді, олар автокөліктерінің құнын төлету үшін мекеме басшылығының үстінен сотқа шағымданбақ. Өрттің неден шыққанын арнайы комиссия анықтайды. Ал, төтеншеліктер мұндай жағдай қайталанбас үшін, тұрғындарды барынша қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.