Талғар ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері сайттарды және әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде "ОLХ" онлайн сауда жасау сайтынан суық қару түріне жататын пышақтарды сату жарнамасын анықтайды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, сауда жасаушы ұсталды, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қаруды заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру дерегіне қатысы бар деген күдікпен Талдыбұлақ ауылының 31 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті өз кінәсін толығымен мойындады. Ол мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, деді Талғар Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Джанболат Зиядин.
Тергеу барысында пышақ жасаумен айналысатын жергілікті тұрғын оның суық қару қаратына жататынынан бейхабар екенін жеткізді. Полицейлер заң талабын білмеудің жауапкершіліктен босатпайтынын айтып, оған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жақында іс материалдары сот органдарының қарауына жолданады.