Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті подъездердің кіреберісіндегі балалар арбасы, велосипед сынды заттардың өртену фактісінің жиілеуіне алаңдайды. Сарапшылар бұл қасақана өрт қою деп санайды, деп хабарлайды zakon.kz.
Қалалық ТЖД 2020 жылдың 6 қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін көп пәтерлі үйлердің кіреберістерінде 35 өрт тіркелгенін, мүгедек, балаларға арналған арбалар, велосипедтер және т.б. заттар отқа оранғанын хабарлайды.
Тек 2020 жылдың 6 қазанынан бастап 25 желтоқсанына дейінгі аралықта мегаполисте түнде осындай 20 өрт тіркелді.
Сонымен қатар, бір күнде бірнеше өрт оқиғалары тіркелген кез болған: 7 қарашада таңғы сағат 7-ден 10-ға дейін Бостандық ауданында "Қазақфильмнің" No 2,14,28 үйлері және Алмагүл ықшамаудандарының №5, 33 көп қабатты үйлерінде де осылай подъезге от қойылған.
Ал 2021 жылдың 27 ақпанында таңғы сағат 7-ден бастап, арасында ондаған минут айырмашылықпен өрт сөндірушілер Бостандық ауданының Көктем ықшамауданындағы үш мекен-жайдағы өртті сөндірді.
Биылғы жылы қаланың төрт ауданында (Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу) 15 өрт тіркелді, балалар арбасы және бірінші қабаттардың кіреберістеріне қойылған басқа да заттар өртенді.
Жүргізілген тексеру шаралары бойынша өрттің барлық жағдайларында қасақана өрт қойылғандығы анықталды. Қазіргі уақытта материалдар Алматы полиция департаментіне өткізілді, делінген хабарламада.
Қазақстандағы Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес тұрмыстық заттарды (балалар арбалары, шаналар, велосипедтер, жиһаздар және т.б.) баспалдақтар мен подъездің кіреберісіндегі алаңға қоюға тыйым салынатыны да ескертіледі.