Қарға асфальт төсеу жергілікті шенеуніктер арасындағы жаңа челленджге баланды

Айта кетсек, қардың үстіне асфальт төсеу алдымен Ақтөбеде, одан соң ШҚО-да, енді Алматы облысында тіркеліп отыр

Қарға асфальт төсеу жергілікті шенеуніктер арасындағы жаңа челленджге баланды. Ал челендждің шарты оп-оңай екен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сонымен жаз бойы жатасың, құр жатпайсың, қысты күтесің. Қыс түскенде, жерді әппақ қар басқанда бар техникаңды сайлап, құрал-сайманды майлап, көшеге шығасың. Сөйтесің де ақ ұлпаның үстіне жол саласың. Әппақ қарды қара асфальтпен жабасың келіп, тағы жабасың. Мұны Ақтөбе бастады, шығыс қостады, енді міне Алматы облысы бұл эстафетаны "қабыл алыпты", делінген "Еуразия" бірінші арнасының жаңалығында.

Асфальт төседі. Дәстүрге айналған. Неге бұлай болатынын білесіз бе? Өйткені жылдың соңы, бюджет қаржысын игеру керек дегендей.

Қар үстіне асфальт төсегендерді көрген тұрғын оны видеоға түсіріп, желіге жүктеп, астына осындай сипаттама жазып қойыпты.

Түнгі уақытта тоқтаусыз асфальт төсеген жұмысшылар ауа райының суықтығына да аса қатты мән бермегендей. Тұрғындардың айтуынша, жаздың соңынан бері жаны қазылып жатқан жол езіліп батпаққа айналып, жүруге де мүмкін болмапты. Алайда жауаптылар күні кеше ғана жанын жамаған екен. Бірақ, сапасы сын көтермейтіні түрінде-ақ тұр.

Кеше осы жер жаман болып жатқан. Бүгін түнімен жасап қойыпты ғой. Онысы, міне жарылып жатыр. Көктемде бұл еріп, қайтадан жаман болып кетеді. Қазір күн суық, түнімен тоңады дұрыс па, үсіп қалады бұл деген. Ертең көктемде қар ерігенде бітті. Талғар ауданының тұрғыны Лаура Дәулетбаева

Ал аудан әкімдігі болса кеше түнде шынымен де жұмысшылар жолдың бір бөлігін асфальттағанын растады. Бірақ, тұтастай емес дейді. Ал келер жылдың көктемінде жолды толық жасау жоспарда барын атап өтті. Ал бюджетті игеру мәселесі туралы желіде ресми жауап жарияланды.

Блогер жыл соңы болып қалғандықтан әкімдіктің бюджетті игере алмай жатқанын айтады. Осы ретте айта кетейік, "Bi global" компаниясы өз қаражатына уақытша төсеу жұмыстарын жүргізді. Яғни, блогердің "жыл соңы, ал бюджетті игеру керек" деген сөзі негізсіз. Мұндай мәлімдемені жарияламас бұрын халықты адастырмас үшін ресми ақпарат көздерінен ақпаратты нақтылаған дұрыс.

ӘКІМДІКТІҢ ИНСТАГРАМ ПАРАҚШАСЫНДАҒЫ РЕСМИ ЖАУАБЫНАН

Айта кетсек, осыдан екі апта бұрын жұмысшылар қардың үстіне асфальт төсегені үшін Талғар ауданының әкімі қала әкімінің орынбасары Серік Дүмшебаевқа қатаң сөгіс жариялаған болатын. Енді мына көрініс үшін қандай жаза беретіні, әзірге белгісіз.

 

 

 

 

 

Ақтөбе Өскемен Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: