Ведомство өкілдерінің айтуынша, қоңырау шалған кезде алаяқтар азаматқа және оның шоттарына жаппай шабуыл жасалып жатқанын, оны қорғау үшін қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екенін хабарлайды.
Бұл ретте алаяқтар мұны ешкімге, бұған қатысы болуы мүмкін банк қызметкерлеріне де, тіпті туыстары мен достарына да хабарламауды өтінеді.Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
Бұл жәбірленушіге ойлануға уақыт бермеу үшін, сондай-ақ білетін адамдардан консультация алуға және жағдайды дұрыс бағалауға мүмкіндік бермеу үшін жасалады. Алаяқтар топ болып жұмыс істеуі, өзін түрлі мемлекеттік органдардың немесе сіздің банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкеріміз деп таныстыруы мүмкін.
Алаяқтар түрлі хабарламалар жіберу үшін кез келген нөмірді, оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалған куәліктерін, «қауіпсіз шот» деректемелерін және егжей-тегжейлі нұсқаулықтарды қолдан жасайды. Олар заманауи технологиялардың көмегімен банктің колл-орталығының қысқа нөмірін де ауыстыра алады. Ол кезде қаскүнемдер басқа қалада немесе тіпті басқа елде болуы мүмкін.Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
Банк менеджері, оның ішінде мемлекеттік органдардың өкілі жеке деректерді, қандай карталар ресімделгенін және оларда қанша ақша қалғанын анықтау үшін сізге қоңырау шалмайды. Банкте сіздің толық қаржылық дерегіңіз, яғни кредиттік тарихыңыз туралы деректер бар.
Мұндай қоңыраулар түскен жағдайда, әңгімені бірден тоқтатып, сіздің аймағыңыздағы полиция департаментінің жедел желісі арқылы алаяқтық фактісі туралы хабарлау қажет.
Телефон алаяқтарының құрбаны болмау үшін не істеу қажеь?
сізге банк менеджерінің не алаяқтың қоңырау шалғанын білу үшін өзіңізге қызмет көрсететін банктің жедел желі нөмірін дербес теру арқылы байланысуыңыз қажет. Бірақ қандай жағдайда да қоңырау түскен немесе SMS-хабарламада немесе электрондық пошта арқылы алынған хабарламада көрсетілген нөмірді қайта теріп, хабарласпаңыз;
егер сізді телефон арқылы қорқытуға тырысса, үрейленбеңіз! Сіздің картаңызға қатысты күрделі мәселе бар екендігі туралы алаңдатарлық мәлімдемеге ең жақсы жауап: «Қазір банкке қоңырау шаламын немесе оны тексеру үшін банкке барамын». Қоңырау шалушы бірден байланыстан ажыратылатынына сенімді болыңыз. Бұл өте кең таралған әдіс – картаның иесін қорқыту. Мынадай әр түрлі жағдай ойдан шығарылуы мүмкін: «біреу сіздің карточкаңыз бойынша күдікті транзакция жүргізіп жатыр», «сіздің шотыңыздан/карточкаңыздан n- сома есептен шығарылды, ақшаны жедел түрде уақытша шотқа ауыстыру қажет», «сіз бес минут бұрын кредит алуға өтініш бердіңіз бе? Егер бермеген болсаңыз, оны болдырмау үшін шұғыл түрде деректеріңіз қажет», «сіздің картаңыз бұғатталған, оны ашу үшін телефоныңызға коды көрсетілген SMS келеді, соны айтсаңыз» және т.б;
егер сіздің картаңызға қатысты қандай да бір мәселе туындаса, онда банк оны өзі бұғаттай алады және шартта көрсетілген байланыс бойынша бұл туралы хабарлама жіберуі мүмкін. Ең дұрысы – банк бөлімшесіне өзіңіз қоңырау шалып, олардың шынымен хабарлама жібергенін не жібермегенін нақтылау;
қоңырау шалған адам телефонға қандай да бір қосымшаны жүктеуді өтінсе, оны жүктемеңіз. Қоңырау шалған адамның сөздері сенімді болған жағдайда да бәрібір оған сенбеңіз. Алаяқтар қайткенде де сізді зиянды қосымшаларды жүктеуге көндіруге тырысады, сол арқылы олар сіздің гаджетіңізге және тиісінше, оның ішіндегі барлық ақпаратқа қолжетімділік алады. Сізде әлі күнге дейін вирусқа қарсы бағдарлама жоқ болса, оны өзіңіз қолданатын барлық құрылғыға дереу орнатып алыңыз;
электрондық хаттар мен SMS-хабарлардағы күмәнді сілтемелерге ешқашан кірмеңіз. Оларда пайдаланушының дербес деректерін ұрлайтын зиянды бағдарлама орнатылған болуы мүмкін. Сілтемені өзіңіз танитын адамнан алған жағдайдың өзінде оған кіруге асықпаңыз. Кибералаяқтар бөтен біреудің аккаунтына кіріп, ақпаратты сол жақтан тарата алады. Мысалы, сіз досыңыздан сілтеме арқылы өтіп, оған онлайн-байқауда қолдау көрсету туралы өтініштен тұратын хабар алдыңыз. Асығудың және сілтемені бірден баса салудың қажеті жоқ. Мұндай сілтемелердің артында зиянды бағдарламалар жасырылуы мүмкін;
сақ болыңыз және ақпаратты бірнеше рет тексеріңіз. Телефон арқылы әрекет ететін алаяқтар сіздің оларға сеніп қалатыныңызға үміттенеді және сізге ойлануға және саралауға уақыт берместен және сіз ақпаратты басқа біреуге жібере алмау үшін түрлі амалдарды қолдана отырып, сізді әдейі асықтырады. Алайда ақша мәселесіне келгенде асығуға болмайды. Әңгімені тоқтатып тастаңыз және кідіріс жасаңыз. Мәселенің мән-жайын жақсылап ойланыңыз, сонда сіз тұтқаның ар жағындағы адамның алаяқ екенін түсінесіз.