29 жастағы Арман арманда кетті,- дейді туыстары. Ол екі бірдей отбасының жүгін арқалаған мақсаты биік азамат болған. Шахтада 10 жыл жұмыс істеген соң жеке кәсіп ашам деп жүріпті. Алайда міне 8 жылдан соң жер қыртысын бұрғылау кезінде мерт болды. Артында кішкентай ұлы мен жары, ата- анасы қалды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Ертең баласын оқытып, адам қылып өсірем деген бала жоқ. Әкесі де жылап жатыр, шешесі де өлейін деп жатыр, инемен ғана жатыр. Еңбегіміз оған тұрмайды, адамның өмірі тұрмайды оған. Марқұм Арман Кашкейдің туысы Жұмат Хамитжанов
Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанованың айтуынша, Арселор Миттал Теміртау қаза тапқандардың отбасына ұжымдық келісімшартта көрсетілген өтемақының барлығын төлейді.
Ұжымдық келісім шартта көрсетілген көмектің барлығы көрсетіледі. Бұл 18 және 23 жасқа дейінгі балаларына төленетін бір реттік өтемақы, оқу орындарының ақысы, Қарағанды облысының аумағында отбасының қалаған қаласынан пәтер алып береді, бір реттік он жылдық жалақы. Компания кәсіпорындарына отбасындағы жақындарын, әйел, балаларын жұмысқа орналастыру кіреді. Мәжіліс депутатьы Гүлнәр Бижанова
Алайда Ленин шахтасында қаза тапқандардың туыстары Арселор Миттал Теміртау компаниясының жәрдемақыларымен ештеңе шешілмейтінін айтады. Олар компания шахталардағы қондырғыларды жаңартпайынша, адам өлімі тоқтамайтынын алға тартып, үкіметтен қатаң шара қолдануды сұрайды.
Мен де өзім шахтада істеймін. Жұмыс қиын, оған көп жағдай істеу керек. Оны істемесеңіз осындай жағдай бола береді. Темір де тозады, адам да тозады. Оған дайындық керек, неше түрлі саймандар керек, оған ешқандай көмегі жоқ Арселор Митталдың. Олар өздерінің пайдасын ғана ойлайды, олар ешқашанда бізді құл деп санайды. Біз олардың құлдарымыз, ондай болмау керек. Марқұм Арман Кашкейдің туысы Жұмат Хамитжанов
Марқұмдардың денесі ертең жер қойнына тапсырылады. Ал ауруханадағы 4 кеншінің екеуінің жағдайы әлі ауыр. Олар метан газына уланып қана қоймай, ауыр жарақаттанған.
Екеуіне де ота жасалды. Екі ота да жақсы өтті. Сынған сүйектері миынан алынып, қанды тоқтаттық. Жағдайы қалыпты, қазір есінде. Қарағанды облыстық Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасының Нейрохирургия орталығының басшысы Ғабит Махамбаев
Метан газы жарылған Ленин шахтасы қазір тоқтап тұр. Газды сыртқа шығару, су сорғызу жұмыстары жүріп жатыр. Басқа 7 кен орны бүгін көмір қазуды бастады. Үкіметтік комиссия 10 күндік тексеруден кейін Арселор Миттал Теміртауға қатысты қатаң шара қолданатындарын мәлімдеді.