2022 жылғы 6 қаңтарда ел президентінің жарлығымен Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Дәл осы күні оның үстінен мемлекетке опасыздық жасау, мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті және сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сурет: primeminister.kz
Кәрім Мәсімов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның орынбасарлары да қамауға алынды, оның ішінде Дәулет Ерғожин, "А" арнайы мақсаттағы қызметтің бастығы Әнуар Садықұлов, өңірлік қауіпсіздік органдарының басшылары бар. 25 тамызда қылмыстық істі тергеу аяқталып, іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілгені белгілі болды. Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Мәсімов 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.
Бас прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, айыпталушы Кәрім Мәсімов пен Әнуар Садықұлов "сотқа ауыр зардаптарға әкеп соққан мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп тартып алу, билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану баптары бойынша берілді".
Сурет:Instagram/armandzhumageldiev
2022 жылғы 7 қаңтарда Алматы қалалық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы қылмыс әлемінде Дикий Арман деген лақап атпен танылған Арман Жұмагелдиевті және оның бес сыбайласын ұстады. Бас прокуратура ол қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде адам ұрлағанын мәлімдеді. Желтоқсан айының басында Алматы қалалық соты тергеу органдарының Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімін 2023 жылғы 7 қаңтарға дейін ұзарту туралы өтінішін қанағаттандырды.
Сурет: gov.kz
2022 жылғы 20 ақпанда бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, оны Бас прокуратура қызметтегі әрекетсіздігі үшін тергеп жатыр. Қараша айының басында Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Бектановтың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотта қаралып жатқанын мәлімдеді.
Сурет: Kaspi Bank-тің баспасөз қызметі
2022 жылғы 13 наурызда Қайрат Сатыбалды қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді бастады. Сондай-ақ Агенттік Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны хабарланды. 16 наурызда оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды ҚР ҚПК 128-бабы бойынша ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласының УҰИ-не қамалды. 26 қыркүйекте Қайрат Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Сурет: "Қайрат" футбол клубы
2022 жылғы 17 наурызда кәсіпкер Қайрат Боранбаев квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 30 қыркүйекте тергеу аяқталды. 23 қарашада кәсіпкерді қамауға алу мерзімі тағы екі айға ұзартылды.
Сурет: Facebook/Кайрат Кудайберген
2022 жылғы 22 сәуірде Алматыда мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасы кезіндегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен ұсталды. Алдын ала тергеу барысында оның "Қазақстан" қонақүйінде Дикий Арманмен бірге халықты жинап, Дикий Арманның төңірегіне топтасып, оны қолдауға шақырып, билікке бірқатар талап қойғаны анықталды. Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі 2023 жылғы 21 қаңтарға дейін ұзартылды.
Сурет: primeminister.kz
2022 жылғы 28 мамырда Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен қамауға алынды. Кейін ұрлықтың тағы бір эпизоды ашылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музей орындалған жұмыстар үшін мердігерге 1,3 млрд теңге төлегенін, алайда тексеру кезінде жұмыстың нақты құны 83,4 млн теңге болғаны анықталғанын мәлімдеді. 20 желтоқсанда Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауға алу мерзімі бір айға ұзартылды.