Төтенше жағдай болған Шаға, Бабайқорған ауылдық округтерінде жедел әрекет ету штабтары құрылып кезекшіліктер ұйымдастырылды. Ауылдарда зардап шекендерге келтірілген залалды анықтау мақсатында арнайы комиссиялар құрылды.
"Комиссиялар зерделеу жұмыстарын жүргізіп, (фототүсірілім, мемлекеттік акт т.б.) дәлелді құжаттар жинақталуда. Қауіпсіз жерге 177 адам көшірілді, 107-і – балалар. Су тасқыны кезінде 152 үйдің ауласына су кірген. Жалпы, жұмылдырылған техникалар саны – 48. Қызметкерлер саны – 97. Бөгет жасауға 8100 қап құм қолданылды. 10000 дана қап резервте дайын тұр. Су тасқыны салдарынан Шаға ауылдық округі, Шаға елдімекенінде табиғи газ құбырына зақым келіп, ол жедел қалпына келтірілді. Ауыз су жүйесі де қайтадан іске қосылды. Шаға елдімекені көшелеріне 150 шаршы метр тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы 3 тонна көлемінде жанар-жағармай жұмсалды". Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әкімдік жергілікті резервтен Шаға, Жүйнек, Үшқайық елді мекендеріндегі каналдарға механикалық тазалау жұмыстарына қаржы қарастырылғанын жеткізді.
"Сауран ауданына қарасты басқа да ауылдық округтерде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қауіпті жерлерге қосымша арықтарды механикалық тазалау, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп, жолдар қалпына келтіріліп жатыр. Аудан әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Сауран ауданы әкімдігінің барлық қызметкерлері, ерікті жасақшылар жұмылдырылып, техникалар тартылып, тиісті шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда жағдай тұрақты", делінген хабарламада.
Айта кетсек, Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы өтіп жатыр.