Қазақстанның қай өңірінде өрттен қаза тапқандар көп

Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов еліміздің қай аймағында өрттен қаза тапқандар көбірек екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.k.z.

Министрдің айтуынша, жыл сайын жылыту кезеңі басталғанда өрт саны да көбейеді. Жалпы тұрғын үй секторындағы өрт саны жыл басынан бері 4 мыңнан асты. 203 адам қаза тапты, 193 адам күйік алып, уланды.

"Өрт кезінде қаза тапқандар санының артуы Шымкент қаласында, Жамбыл, Ақтөбе, және Қарағанды облыстарында байқалып отыр. Осыған байланысты, біз халықты өрттен қорғау деңгейін арттыру және шығынды азайту мақсатында жүйелі түрде профилактикалық рейдтер, акциялар, науқандар және халықпен жиындар өткіземіз", - деді Төтенше жағдайлар министрі

Оның айтуынша, өрттің алдын алу және жою бойынша заманауи технологияларды енгізу мақсатында министрлік дамыған елдердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық тәжірибені зерделеп, талдапты.

Сонымен қатар министрлік өрт басталған уақытынан 5-6 минуттан кейін адам қайтыс болатынын байқап, диспетчерлік қызметтің жұмысын автоматтандырмақ.

"Зерттеулер өрт басталған уақытынан 5-6 минуттан кейін адам өлімі келетінін көрсетті. Сол себепті өрт туындаған кезде азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқарту үшін кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру қарастырылып отыр. Бүгінде құтқарушыларда өртте мүмкіндігі шектеулі азаматтар туралы ақпарат автоматты түрде болу үшін 95 мың адамның тұратын жері туралы деректер енгізілді. Министрлікті трансформациялау шеңберінде халықтың ҚАУІПСІЗДІК МӘДЕНИЕТІН арттыру жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырып жатыр", - деді Сырым Шәріпханов.

Оның сөзінше, күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі талаптарын азаматтарға жеткізудің қолжетімді тәсілі – ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: