Аудан әкімдері мен басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, бизнеске жол" жобасы талқыланып, жер қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау және құрылыс салаларындағы түйткілді мәселелер қаралды. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Дәурен Ерғарин анықталған сыбайластық схемалары мен қайталанатын қылмыстарды алдын алу бағытындағы жұмыстарды баяндады. Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Башимов өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қалада қабылданып жатқан шараларға оң бағасын беріп, қоғамдық бақылау институтының жұмысына тоқталды.
Биыл түрлі салада жемқорлық тәуекелдеріне 200-ге жуық талдау және мониторинг жүргізіліп, 1 500-ден астам ұсыныс берілді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік карталары енгізіліп, салалардың жұмысын бағалау жолға қойылды.
Сурет: Шымкент әкімдігі
Өзекті мәселеге айналған жер саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында геоақпараттық портал әзірленген. 1 ақпаннан бастап іске қосылған жүйеде жер саласына қатысты 18 мемлекеттік қызмет пен сервис автоматтандырылды. Осыған дейін порталда 2 мыңнан аса қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар әкімдіктің 100-ге жуық мемлекеттік қызмет түрін "Egov", "Damumed", "Halyk" және "Kaspi" мобильдік қосымшалары арқылы алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықты барынша азайту мақсатында қала аумағында 3 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазір қосымша 1 500 қондырғы орнатылуда.
Сурет: Шымкент әкімдігі
Білім саласы бойынша "ustaz-nobd.iac.kz" бағдарламасы арқылы өткен жылы 758, биыл 295 педагог жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ алдағы уақытта салада жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында "Фаворит" ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда.
Жиында қала аумағында сыбайлас жемқорлық жағдайларын жою, алдын-алу бойынша ұсыныстар талқыланып, кешенді жоспарлар бекітілді.
Сурет: Шымкент әкімдігі