Атырауда 36 жастағы ер адам қарттар үйінде тұрады

Абайсыз жағдайда мүмкіндігі шектеулі болып қалғанын Махамбет ауданының тұрғыны Александр Чечин бес жылдан бері қарттар үйін паналап келеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Ақ Жайық" ақпаратынша, Александр 2006 жылы 18 жасында Жайық өзеніне тік жардан секіремін деп мойын омыртқасына зақым келіп, мүгедек атанған.

"Мектеп пен училищені аяқтаған соң, әскерге аттанайын деп тұрған кезім еді. Жастайымнан спортпен шұғылдандым. Әскерге кетердің алдында бірнеше күн бұрын Жайыққа бір шомылып алайын деп тік жардан өзенге секіргенде, омыртқадан зақым алып, салдарынанан екі қол, екі аяғым жұмыс істемей қалды. Арманымның бәрі көз алдымнан бұлбұлдай ұшып өтті". Александр Чечин

Жедел жәрдеммен Атырауға жеткізіліп, 7 сағат ота жасалып, сәтсіз аяқталған. Кейін Астарахань қаласына барып тағы екі ота жасалып, одан да нәтиже болмаған.

"Содан бері қарттар үйінің ең жас тұрғынымын",- деді Александр.

Таңертең тұрғаннан киіндіріп, жуындырып күтім жасайтын санитарлық қызметкерлерге де қарыздармын дейді ол. Айтуынша өзіне Қазақстанның кез келген шипажайында демалуға жыл сайын жолдама беріледі. Алайда қасына бірге еріп баратын адам болмағандықтан, шипажайларға бара алмай жүр.

"Мереке күндері еріктілер келіп концерт ұйымдастырып кетеді. Жастар келіп, "Қарттарым, қарияларым" деп құттықтап жатқанда өзімді жаман сезінемін. Кейде сол үшін концерттерге барғым келмейді, бірақ ішің пысқаннан барасың".Александр Чечин

Сурет: azh.kz

Александр алдағы уақытта қарттар үйінен шығып, отбасын құрып, тәуелсіз болғысы келетінін айтады.

"Өмір бойы қарттар үйінде жатпайтын шығармын деп үміттенемін. Әлі басым жас, өз үйім болса деймін. Сыңарымды тауып, үйленсем деген мақсатым бар. Қазір қарттар үйіндегі ең жасы менмін. Ешқандай амал болмаған соң, осындамын. Пәтерім болса күтуші жалдап, тәуелсіз өмір сүргім келеді. Медицина жыл сайын дамып келе жатыр ғой. Аяқтан тұрып кетеріме үмітімді үзбеймін".Александр Чечин

Александр қарттар үйіне орналасқан кезде мүгедектік санаты бойынша үй кезегіне тұрған. Алайда жақында телефонына үй кезегінен алынып тасталатыны туралы хабарлама келіпті.

"Көп жылдан бері Махамбет ауылында үй кезегінде тұрмын. Мүмкіндік болса, Атырау қаласының тұрғын үй кезегіне ауысқым келген, бірақ ол үшін қайтадан кезекке тұруым қажет. Жақында Махамбеттегі үй кезегінен де алынып қалатыным туралы хабарлама келді. Себебі ауылда әке-шешемнің тұрған саман тастан салынған ескі үйі бар еді. Сол үй әке-шешемнен маған қалады деп есептеген болса керек. Бірақ ол үй он жылдан бері қаңырап, тозығы жетіп тұр. Қазіргі уақытта сол бойынша заңгерлерлерден кеңес сұрап жатырмын", — дейді Александр.
Қазақстан Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: