Түсініктеме бойынша, қазір оқиға орнында комитет өкілдері жұмыс істеуде. Балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Айта кету керек, мектептегі тамақтандырушылар өнімдердің сапасын қамтамасыз етуге және олардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкестігіне тікелей жауапты. Әрбір әрекеттің артында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұрғанын есте ұстаған жөн". ҚР Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті
Комитеттің мәліметінше, бүгінгі таңда дәрігерлер 460 баланы тексерді, оның 377 – сі амбулаториялық бақылауға жіберілді. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына 83 бала түсті. Екеуі реанимациядан жалпы палатаға ауыстырылды. Оқушылардың денсаулығы жақсаруда. Үй жағыдайында бақылауда болған оқушылар бүгін мектепке барды.
"Мектеп асханасы мөрленіп, жабылды. Балалар толық сауығып кеткеннен кейін олар үшін қосымша сабақтар ұйымдастырылады. ҚР Білім Министрінің тапсырмасы бойынша бүгіннен бастап барлық облыстар мен қалаларда мектептердің ас блоктарын мониторингілеу үшін мобильдік топтар ұйымдастырылды. Бұл топтар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында ыстық тамақтануды ұйымдастыру сапасын және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылайтын болады". ҚР Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті
Еске салайық, бұған дейін мектеп асханасында балалар уланып, 140 баланың медициналық көмекке жүгінгенін жазған едік. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгін, 9 қыркүйекте Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішінде республикадағы барлық мектептердің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізілетіндігі белгілі болды.