Бұл туралы 2026 жылғы 19 наурыздағы Ақорда мәліметінен белгілі болды. Оған сүйенсек, ҚазҰУ ректоры – басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына Инновациялық өнімдер орталығының және Farabi Hub-тың жоғары технологиялық жобаларын көрсетті.
Хаб экономиканың нақты секторына инновациялық әзірлемелер енгізуді көздейтін заманауи платформа ретінде құрылған. Оның базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылады. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылды.
Орталықта ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорацияларының, сондай-ақ басқа да шетелдік жетекші ғылыми ұйымдардың зерттеу алаңдары орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді.
Сондай-ақ, президентке университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатқаны жөнінде мәлімет берілді.
Артынша Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесе әзірленген микроспутник макеті көрсетілді.
Жоғары оқу орындарының ғалымдары NKSAT спутнигін жасап жатыр. Ол Жердің тартылыс аумағы мен радиация деңгейін өлшеуге, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Қашықтан зондтау және оны қолдану технологиясы" зертханасының қызметі таныстырылды. Бұл кешен ҚХР Ғылым академиясымен бірлесе ашылды. Зертханада жасанды жер серіктерінің деректері негізінде Орталық Азиядағы климат және экология өзгерістері зерделенеді.
Мұнымен қоса, мемлекет басшысы "Цифрлық технологиялар мен роботты техника" халықаралық институтын және Роботты техника орталығын, сондай-ақ Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығын аралап көрді.
"Қасым-Жомарт Тоқаевқа университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластері көрсетілді. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған",- делінген Ақорда ақпаратында.
Кластер күрделі есептеулерді орындау мерзімін айтарлықтай қысқартып, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттырады. Сондай-ақ ІТ және жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға кеңінен жол ашады.
Бұған дейін ҚР президентінің кеңесші – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ Президенті Дональд Трамптан хат келіп түскенін мәлімдеген болатын.