Ресми ақпаратты Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық әдебиеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Айта кетейік, Валерий Михайлов дәл бүгін 79 жасқа толды.
Валерий Михайлов – кеңес және қазақстандық журналист әрі жазушы. 2024 жылы оған "Қазақстанның халық жазушысы" құрметті атағы берілді.
1969 жылы В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын "тау-кен инженері-геофизик" мамандығы бойынша бітірген.
Журналистика саласындағы еңбек жолын 1969 жылы бастаған. 1979 жылға дейін "Вечерняя Алма-Ата", "Ленинская смена" және "Казахстанская правда" газеттерінің редакцияларында әдеби қызметкер, тілші және бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген.
1979-1987 жылдары "Простор" әдеби-көркем журналы редакциясының деректі проза бөлімін басқарған. 1987-1993 жылдары шығармашылықпен айналысқан.
1993-1997 жылдары "Казахстанская правда" газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болған. Кейін басылымның бас редакторының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.
1997 жылы Валерий Михайлов "Казахстанская правда" газетінің бас редакторы болып тағайындалып, бұл қызметті 2003 жылға дейін атқарған.
2003-2016 жылдары "Простор" журналының бас редакторы болған.
Еске салайық, 2026 жылғы 26 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың аға министрі Ли Сянь Лунды І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттаған.